«Көнеміз ғой, қайтеміз, көнбегенде,
Қайтер едік өмірге келмегенде» – деп туа сала тағдырының қатал сынына ұшырап, қатарынан кенжелеу қалған қыз бала ән салғанда көрерменнің жүрегі жібіп, көздеріне еріксіз жас келген еді… Міне, бұл Алтын ауыл мектебінде өткен кереметтей концерттің бір үзік сәті ғана. Бұрынғы кештерден өзгешерек болған осы шараның басты кейіпкерлері – мүмкіндігі шектеулі бүлдіршіндер мен жасөспірімдер.
Күні кеше ғана, аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен «Жұлдызай» мүмкіндігі шектеулі балалар шығармашылығы республикалық фестивалінің аудандық кезеңі өтті. Оның барысында хореография, вокал, аспапта ойнау, әнді ым- ишаратпен орындау, көркем және бейнелеу өнерінен сынға түскен кішкентай жиырмаға жуық өнерпаз қалың көпшіліктің жүректерін дір еткізбей қоймады. Мүмкімкіндігі шектеулі кішкентай ғана балабақша тәрбиеленушілері мен мектеп оқушыларының таудай талаптары олардың өмірге деген құштарлықтарын анық аңғартты. Әсем әуезді ән шырқап, ұлттық, үнді және тау халықтарының биін билеп, сонымен қоса мәнерлеп өлең оқығандарға залға жиналғандардың ықыласы ерекше білініп, шапалақтарын аямады. Қылқалам шеберлері мен қолөнершілердің көрмесі де елеусіз қалмай, көңіл төрінен өзіндік орын алды.
Жалпы, жарыс қорытындысында қатысушылардың барлығы марапатталды. Ал, өз кезегінде үздік деп танылғандар алдағы уақытта облыстық кезеңге жолдамаға ие болады.
Аталған шара кезінде аудандық білім бөлімінің бас маманы Әсел Әблеқызы қатысушыларға таратылған сыйлықтарға демеушілік еткен Серікхан Сәметұлына жиылған көрермендердің атынан алғыс бірдіріп, өнерпаздарға сәттілік тіледі.