Мемлекет берген мүмкіндікті мүдірмей пайдаланып, мерейі өсіп жүрген жандар арамызда баршылық. Солардың бірі – сонау сыр өңірінде туып-өсіп, еліміздің солтүстігінде жоғары білім алып, бүгінде жер жәннаты Жетісудың қара шаңырағы саналатын қасиетті Қарасай ауданында еңбек етіп жатқан Нұртазаев Жасұлан Әбдірейімұлы.
Осыдан үш жыл бұрын Үшқоңыр қазақ орта мектебіне «Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы келіп орналасқан жас маман бүгінде педагог-психолог болып табысты жұмыс істеуде. Шын мәнінде де, Қызылорданың Қазалы ауданындағы Аралды елді мекенінде өмірге келіп, Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтты бітірген жалынды жігітті ауданымызға тағдырдың өзі жетелеп келгендей. Мына кең дүниенің тетігіне бір кірпіші болып қалануды мақсат еткен ол сол кезде жаңа ашылған білім ордасына қажетті құжаттарын ұсынып, бірден қабылданады. Қаржылық көтерме көмегін де алып, баспана мәселесін де бағдарлама негізінде бөлінген қаражаттың арқасында шешеді. Ауылдағы көп қабатты тұрғын үйлердің бірінен екі бөлмелі пәтер сатып алып, ішін әдемілеп әрлеп, барлық қажетті жағдайды жасап қойған. Сөйтіп, сол 2014 жылы аудан мұғалімдері бас қосқан бір жиында әріптесі Айтбаева Жұлдыз Серікбайқызымен танысады. Ол Жамбыл атындағы орта мектептің физика-математика пәні мұғалімі екен. Ортақ ой, бір мақсат-мүдде оларды одан сайын біріктіре түсіп, бір жылдан соң екі жас маман тағдырларын да түйістіріп, шаңырақ көтерген. Ал, келесі көктемде сол шаңырақ іші шаттыққа кенеліп, өмірге іңгәләған Хафизәли есімді тұла бойы тұңғыштары келді. Қазіргі таңда жарасымды жұптың бірге, яғни, қазақ орта мектебінде жұмыс жасап, өскелең ұрпаққа жақсы тәлім-тәрбие беріп жүрген жайы бар.
- Сонау сыр өңірінде дүние есігін ашсам да, елімізді дамудың дара жолымен бастап келе жатқан Президентіміз туған ауылда еңбек етіп жатқаным үшін тағдырыма ризамын,- дейді жас ұстаз. – Мемлекет жастардың жарқын болашағына жол ашып отыр. «Дипломмен ауылға» бағдарламасының арқасында қазіргідей баспаналы болып, тамаша ұжымның ортасына орналасып, өмірлік жарымды кездестірдім, әке атандым. Мен сияқты жастар қаншама! Осы бақытым үшін Елбасына үлкен алғысымды білдіремін.
Жалпы, Жасұлан үшін өткен жыл толайым табыстармен және жетістіктермен өрнектелген ерекшелігімен де есте қалған екен. Атап айтқанда, сәуірде ұлы өмірге келсе, қараша айында Қостанай қаласында өткен республикалық «Үздік жыл психологі» байқауында ІІ орынға ие болып, мұғалімдер арасындағы «Марафон — 2016» сайысынан І орынды еншілеген. Бұған дейін мектепішілік «Мен жас ұстазбын» атты жас мамандар байқауында бас жүлдені жеңіп алғаны тағы бар. Ал, қазір ол республикалық «Платон» сайысына қатысуға дайындық үстінде. Яғни, барлық жағдайды жасап беріп отырған Елбасына деген алғысын Жасұлан осылай өзінің әрбір жетістігі арқылы білдірмек…