Бүгінгі таңда ұялы телефонды қолдайбайтын адам өте аз. Қазіргі кезде олардың заманға сай әртүрлі модельдері көбейіп, құнына сай бюджеттік, орташа, ең үздік және бизнес класс болып бөлінеді. Бірақ, түрлері көп болғанымен, оның ішінде қымбат болып тұрып сапасыздары, арзан әрі сапалылары бар екенін де білген жөн. Сонымен қатар, жаңа телефонды алғанды құптамайтындарға не мүмкіндігі жоқтарға қолданыста болған сөйлесу құралын сататын әлеуметтік желілер, сауда орындары да баршылық. Алайда олардың кепілдігі жоқ. Сол себепті, ұсталған телефонды алып, өкініп қалмас үшін бірнеше қарапайым кеңестер ұсынсақ дейміз. Ең алдымен әлеуметтік желіге саудаға қойылатын телефондарды іздейміз. Мысалыға, халық арасында кең танылған OLX.KZ сайтында түрлі деңгейдегі телефондарды арзан бағада табуға болады. Бірақ, ол қолжетімді бағада екен деп лезде сатып алмай, бірінші кезекте оның жұмыс істеу сапасын тексеру керек. Көп жағдайда адамдар телефонның екі дүниесіне қарап қана ала салады. Олар қоңырау шалғанда дауыстың естіліп тұруы мен сыртқы корпустың бүтіндігі. Бұл әрекетте дұрыс, алайда онымен шектелмей, келесі кезекте телефонның дисплейін тексеру керек. Өйткені қазіргі кезде дисплей телефонның ең қымбат бөлшегі болып саналады. Сондықтан да оны тексеру үшін сіздің алып жатқан телефоныңыздың операциялық жүйесін біліп алу керек. Бүгінде олардың ең танымал Android (осы платформада телефон шығаратын компаниялар Samsung, HTC, LG, Lenovo, Sony) пен iOS (Apple компаниясы) деген екі түрі бар. Соның алғашқысы, көп қолданысқа ие «Android» платформасындағы телефонның ең маңызды дисплейін, түстердің дұрыс жарық беруі, жақындату құрылғысын, камерасын тексеру үшін «*#0*#» пәрменін тересіз. Сол жерде ағылшын тілінде «Touch» деген батырманы бассаңыз, экранды тексеруге арналған жолақша шығады (1-ші сурет). Сол жолақшаны бояу арқылы дисплейдің толық жұмысқа қабілеттегін аңғара аласыз (2-ші сурет). Егерде, жолақша боялмай қалатын болса (3-ші сурет), оның істен шыққанын, болашақты ауыстыру керектігін білдіреді. Олардың ең арзаны 12000-13000 теңгеден басталады. Ал, келесі кезекте, оның жұмыс істеу жылдамдығы. Ол үшін қолданбаларға (меню) кіріп, оңға және солға 10-15 минут аралығында айналдыру керек (4-ші сурет). Бұл кезде телефон қатып қалмай, бірқалыпты істеуі тиіс. Бұдан бөлек, осы кезде тоқ күшіне де мән беру қажет. Осы уақыт аралығында тұрған тоқ қуатын көп дегенде 3 пайызы ғана жұмсалса, ол жақсы нәтиже.
Міне, осы қарапайым мысалдардың өзі ұялы телефонды алданбай алуға мүмкіндік береді. Ал, келесі жолы iOS (Apple) платформасындағы телефонды қалай тексеру керектігін айтамыз.