Бүгінгі қоғамның өзгерген бейнесі туралы сөз қзғалғанда, еліміздің құндылықтарын ертеңге жалғайтын жастардың келбеті қоғамды қатты алаңдатуда. Өйткені, айқын бейнесі мен түпкі мақсатын жасырып, ел мен ұлттың болашағы саналатын өскелең ұрпақты теріс пиғылда тәрбиелеп, тура жолдан тайдыруға тырысып жүргендердің қатары көбейіп келеді. Алайда, оларға қарсы іс-шараларда өткізіліп, жастарға насихаттық жұмыстар да кеңінен жүргізілуде.
Соның бірі бүгінгі Қаскелең гуманитарлық-техникалық колледжінде 150-ге жуық студенттің қатысуымен өткен семинарды айтуға болады. Аудандық ішкі саясат бөлімі мен «Жас Отан» жастар қанатының ұйымдастырған бұл бас қосуда басты тақырып «Қазақстандық патриотизм және дін» болып, оны Иршат мешітінің бас имамы Бабаназар Махаммадинұлы және ішкі саясат бөлімінің теолог маманы Азат Үкібаев жүргізіп отырды. Олар жастарға дәстүрлі дініміз ислам екенін, ол жас ұрпақтың санасына ізгілік дәнін сеуіп, нәр беретінін баса айтып, бұдан бөлек, патриотизм деген түсінік – атаның баласы болу ғана емес, халқымыздың, еліміздің өркендеуіне өз үлесін қосуға талпынатын ұл-қызы болу дегенді білдіретінін түсіндірді.
Сонымен қатар, дәстүрлі емес діни ағымдар жайлы жастардың сауатын ашатын мол ақпаратпен бөлісті. Жиында студенттердің арасынан белсенділік танытып, мінбеге аталмыш оқу орнының 4-курс студенті Айгерім Тәжібаева шығып, дін тақырыбында өзі дайындаған ақпаратты оқыды.
Қатысып отырғандар да қозғалған мәселелерге қызығушылық танытып, сұрақтар қойып, пікір бөлісіп отырды.