Мейірімділік пен ризашылық мерекесі

Мейірімділік пен ризашылық мерекесі

Биыл елімізде екінші рет аталып өтіп отырған Алғыс айту күнін қарасайлықтар да зор қуанышпен қарсы алды. Көгілдір көктемнің бірінші жұлдызымен тұспа-тұс келген мейірімділік пен жылылық мерекесіне арналған салтанатты жиынды тамашалау үшін жұртшылық ертемен аудандық мәдениет үйіне ағылды. Барлығының жүзінде риясыз күлкі ұшқыны, бір-біріне алдымен айтары шексіз ризашылық…

Атаулы күнге арналған бас қосуды аудан әкімінің орынбасары Айжан Назарбаева құттықтау сөзбен ашып берді. Елбасының Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күні – 1 наурызды Алғыс айту күні деп жариялау туралы Жарлығы негізінде қабылданған бұл мереке ең алдымен, елімізде тыныштық пен үндестік, өзара сенімділік пен барлық қазақстандықтарға деген құрметтің орнығуына негіз болған Президенттің бейбітшілік пен келісім саясатының салтанаты күні екендігін, тағдыр тәлкегімен еріксіз қоныс аударылған түрлі этностардың миллиондаған өкілдерінің құтты қонысына айналған қасиетті қа­зақ жері мен қонақжай қазақ халқына терең тағзым белгісі болып табылатынын және Тәуелсіз Қазақстан құру жолында аянбай тер төккен еліміздің барлық азаматтарының бір-біріне құрмет білдіретін күні ретінде аталатынын айтқан Айжан Нұрділдәқызы баршаны мерейлі мейраммен құттықтап, жақсы тілегін де жеткізді.

Мұнан кейін қазақ халқының келін түсіру салты сахнада көрініс ретінде қойылып, осы «тойға» өз өнерлерін шашу қылып әкелген түрлі этностардың ортаға шығуы қасиетті Қарасай жеріндегі 30-дан астам ұлттың да бір атаның баласындай, бір қолдық саласындай, татулықты ту етіп өмір сүріп жатқандығын тағы бір айғақтағандай түсті. Күрд, шешен, татар, славян, ұйғыр, түрік диаспорасы өкілдерінің қонақжай қазаққа деген алғысқа толы сөзінен соң, әрқайсысының ұлттық билерінің биленуі, соның барлығы трионың орындауындағы «Рахмет, Туған ел!» әнімен түйінделіп, барлығының сахна төрінде қайта топталып ризашылық білдіруі көрерменді керемет әсерге бөледі.

Оставить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Что будем искать? Например,Человек

Мы в социальных сетях