Сайлыбай Бекболатов ағамыз «Мәңгілік қазақ күнтізбесін» құрастырушы ретінде елімізге кеңінен таныс. Халықаралық акмеология ғылымының академигі бұл жобаға 20 жылға жуық уақытын арнаған. Бұл күнтізбенің ерекшелігі, 13 айдан тұрады және әр айды 28 күн құрайды. Он үш айдан тұру себебі, Жер планетасы Күнді айналу жолында 13 шоқжұлдыздың жанынан өтеді. Ал, Ай біз ойлағандай отыз күнде емес, жиырма сегіз күнде толады деп болжайды ғалым. Демек әр ай дүйсенбіден басталып, жексенебіден бітеді. «Мәңгілік» деп аталуының сыры да осында. Күнтізбені бір құрастырған соң, оны қайта- қайта жыл сайын жаңарту керек емес. Бұл жоба Кембридж университетінде дүниежүзінің атақты 40 ғалымының алдында қорғалып, дәлелденген. Біріккен ұлттар ұйымы мақұлдап, ғалымдарымыз патент алып үлгерген. Осы орайда БҰҰ күнтізбені өзге мемлекеттерге ұсына алады, бірақ, оны орнатуды талап ете алмайтынын атап өткен жөн.
Жалпы, біз қолданып жүрген Григориан күнтізбесінде қателіктердің бар екені ғалымдарға мәлім. Сондықтан болуы керек, кейбір елдер бас тартып, өзіндік күнтізбесімен жүреді. Мысалы, Қытай, Жапония, Израйль және бірнеше Араб мемлекеттері т.б.
Ал, академик ағамыз тынбай еңбектеніп дәлелдеп шыққан жобасы бір жүйеге енгізіліп, барша халық қолдау білдірсе, болашақта біздің елімізде де өзінің «Мәңгілік қазақ күнтізбесі» қолданысқа енуі ғажап емес.