Елімізде Дүниежүзілік 28-ші қысқы Универсиада өтіп жатқаны баршамызға мәлім. Спортшыларымыз күннен- күнге жанкүйерлерін қуантуда. Әсіресе, фристайлшы, шаңғышы, биатлоншы жерлестеріміз көк байрағымызды аспандатқанда қуанғанымыз анық. Бүгін де 3 фристайлшы студент спортшымыз жеңімпаздар қатарынан көрінгенде бөркімізді аспанға аттық. Бірақ, көпшілігіміз бұл спорт жайында біле бермейміз. Осы орайда «фристайл» жайлы мәлімет бере кетуді жөн көрдік.
«Фристайл» – ( «free» – еркін, «style» – стиль ) еркін стиль деген мағынаны білдіреді. XX ғасырдың алғашқы жылдарынан бастау алған бұл қысқы спорт түрі алғашында тау шаңғы спортының бір бөлшегі ғана болған. Норвегиялық Матиас Здарский ең алғаш шаңғымен сальто, қауіпті бұрылыстар жасау арқылы «шаңғы акробатикасының – атасы» атанған. Фристайл осы кезеңнен бастап Еуропада, АҚШ-та, содан кейін бүкіл әлемге танылған. 1973 жылы бірінші рет Еуропа кубогі өткен. Дәл осы кезең фристайлдың даму жолына басқан алғашқы қадамы болып есептеледі. 1978 жылы фристайл Халықаралық шаңғы спорты федерациясының бір бөлшегі ретінде хабарланды. 1986 жылдан бастап жыл сайын әлем кубогі және екі жылда бір әлем чемпионаты өтеді. 1992 жылы спортшылар акробатикалық фристайлдан ресми түрде Дүниежүзілік Олимпиада ойындарында сынға түсе бастады. Өз ішінде: могул, акробатика, ски-крос, хафпайл, слоупстайл, балет деп 6 түрге бөлінеді.
Бүгінде бұл спорт түрі қысқы ойындар жарысының маңызды бөлігіне айналған. Қызығушылар саны да артуда. Дегенмен, қиындығын әрі қауіптілігін ескерген жөн. «PROСПОРТ» тілшісіне берген сұхбатында Жанбота Алдабергенова: «Фристайл тек батылдарға арналған спорт» деп баға берді.
Айта кетейік, бүгінгі жарыс күні фристайлшыларымыз үшін жемісті болды. Дмитрий Рейхард пен Юлия Галышева қоржынымызға екі алтын салса, Павел Калмаков қола медаль жеңіп алды. Нәтижесінде 8 алтын, 2 күміс және 8 қоламен Ұлттық құрамамыз Универсиада кестесінің 2-ші орынына мықтап бекіді.