Қалбибі» өнер студиясы

0
3845

Былтырғы жылдың соңында жас дарынды  жеткіншектердің жұлдызын жағып, жарқын болашақтарына жол ашуға бағытталған «Қалбибі» өнер студиясы өз есігін айқара ашты.

Негізінде, Үшқоңыр мәдениет үйіне байыпты басшылық етіп жүрген Қалбибі Абдуллаева балаларға вокалдан сабақ беруді бес жыл бұрын бастаған екен. Нәтижесі жаман емес! Алдынан дәріс алған шәкірттері республикалық, халықаралық байқауларда жүлделі орындарды еншілеуде. Солардың ішінде облыстық «Жетісу жұлдыздары» байқауының І орын, республикалық «Ақ көгершін» конкурсының бас жүлде иегері 6 жастағы Әбілхайыр Жұмабаевтың және еліміз бойынша өткен «Самға жұлдыз», «Бозторғай» сияқты халықаралық ән сайыстарының жеңімпазы, бүгінде жоғары деңгейлі «Аялаған Астана» байқауында бақ сынауға дайындалып жатқан он жасар Нұрлыбек Сапарбайдың есімдерін ерекше ықыласпен атайды ұстаздары. Топ құрамында мектеп табалдырығын енді аттаған түрік ұлтының өкілі Ибраим Карсылиев та бар. Ол да бір жыл ішінде қоржынын біраз жүлдеге толтырып үлгерген екен. Солардың ішінде облыстық «Қазақшаң қалай балақай?» байқауынан І орын алғанын мақтанышпен әңгімелейді кішкентай әнші балдырған. Тек бұлар ғана емес, Қалбибі Алпысбайқызының қанатының астына жиналған жеткіншектердің барлығы да шетінен қандай сайыс болмасын топ жарып шығуға дайын. Өйткені, олар талапшыл тәлімгердің қатаң қадағалауынан қалыс қалмай, дауыстарының жетіле түсуіне жете мән беріп отырады. Бір қызығы, мұндағы жас әншілер былтыр өздерінің жеке концерттерін беріп үлгерген! Нақтылай түссек, Алтын ауыл мектебінің 9-сынып оқушысы Мадина Жұмабаева «Ақ шағала» атты, қазіргі Қаскелең мәдениет колледжінің студенті Бауыржан Қайыпбаев «Үмітімді үзбеймін» атты шығармашылық кештерін өткізсе, ақпанда Сәтбаев мектебінің 4-сынып оқушысы Еркежан Жанаттың «Іңкәр жүрек» атты жеке кеші болмақ. Бұны да ең алдымен ұстаздың бес жылдың көлемінде жасаған жұмысына есеп берудің оңтайлы амалы, екіншіден, қатарға жаңадан келіп қосылып жатқан балаларды ынталандыра, еліктіре түсудің тәсілі деп түсінуге болады. Сонымен қатар, ізбасарларын ізгілік пен жақсылыққа баулуды мақсат еткен жетекші қайырымдылық концерттерін беруді де қолға алған. Жаңа жылдың алдында ғана «Қазақстан» вокалдық тобы Қаскелең қаласындағы зерде бұзылыстары бар балаларға арналған қосалқы мектеп-интернатының тәрбиеленушілері үшін «Аяла» атты әдемі кеш өткізсе, енді, жақында Алматы қаласындағы қарттар үйіне барып қамкөңіл қарияларды қуантуды жоспарлап отыр.

Осындай толайым табыстар үшін талмай тер төгіп, жақсы жетістіктерге жетіп жүрген қарауындағы өнерпаздардың қарымын байқаған жетекші енді олардың алған музыкалық білімдерін құжат жүзінде бекітіп беру жағын ойластырған. Сөйтіп, заңды түрде тіркеліп, тиісті құжаттарын реттестіріп, өнер студиян ашты. Қазір мұнда отызға жуық бала сабақтан тыс уақытта келіп, әншіліктің қырсырына қанығуда. Бұдан бөлек, домбыра, қобыз, фортепиано, шертер кластарында да жоғары білімді ұстаздар дәріс береді. Білім алғандардың қолына арнайы сертификаттары тапсырылады.

  • Өнер студиясының негізгі мақсаты – еліміздің мәдениет саласын дамытуға теңізге түскен тамшыдай болса да өзіндік үлес қосып, ел ішінде байқалмай өсіп келе жатқан жас дарындардың бойындағы қабілеттерін арттырып, жұлдызын жағу, — дейді Қалбибі Алпысбайқызы. – Балалардың әрқайсысын өзім көріп, вокалдық мүмкіндіктерін тексеріп қабылдаймын. Сосын, олардың әрқайсысының дауысын дамыту түсу үшін жеке жұмыс істеймін. Бұдан бөлек, әрбірінің сахнадағы жүріс-тұрысы мен киетін киімі, айтатын әндерін де өзім таңдаймын. Өйткені, сахна өте киелі және қасиетті. Ол тек тән тазалығын ғана емес жан тазалығын да қалайды. Орындаушы әнді жүрегінен өткізіп, шын ықыласымен айтуы керек. Онсыз шығарма тыңдарман жүрегіне жол таба алмайды. Тағы бір айтатын жайт, біздің топта дуэт, трио, квартет, квинтет, хор жанрлары қамтылған. Енді, Алла бұйыртса, 8 Наурыз – аналарымыздың мейрамына қарсы, әртүрлі аспап ойнаушылардан құрылған «Қазақстан» оркестрін көпшілікке таныстыру ойда бар. Қазір соған орай арнайы киімдер тіктіріп, қажетті аспаптарды сатып алу жұмыстарын жүзеге асырып жатырмыз.Егер менің студияма келіп, дәріс алып жатқан отыз баламның біреуі кейін танымал әнші болып, басына қонған бағын бағалай біліп, еліміздің мәдениетін дамытуға, Қазақстанымызды үлкен әлемдік сахналарда әйгілеп тұрса, мен үшін басты жетістік, басты бақыт осы…

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь