Аз қамтылған отбасылардың балаларына 23 жасқа дейін жәрдемақы төленеді. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев айтты, деп хабарлайды karasayinfo.kz желілік басылымның тілшісі ҚазАқпараттың ресми сайтына сілтеме жасап.
Жақында ғана жаңа қызметке тағайындалған министр Б.Сапарбаев былай дейді: «Сонымен қатар аз қамтылған отбасының балаларына берілетін жәрдемақы да өзгереді. Егер ол 1 шілдеге дейін 4834 теңге болса, 1 шілдеден бастап 20789 теңгеге жетеді. Ол 18 жасқа дейін төленеді. Егер ол балалар оқитын болса, онда 23 жасқа дейін төленеді. Оған қосымша ата-анасына табыстары күнкөріс айырмашылығын есептегенде күнкөріс деңгейінен төмен болса онда да оларға қосымша жәрдемақы төленеді».
Бұл айтылған көмектерден бөлек, жаңа министр әлеуметтік көмекті тағайындау барысында тұрғындарға қолайлы болуы мен құжаттар санының азаятындығын да жеткізді.
«Енді осының барлығы қазіргі таңда жүзеге асырылып жатқан «Е-халық» жүйесімен жүзеге асырылады. Егер кейбір мәліметтер жоқ болатын болса да ата-ананың келуінің керегі жоқ. Жергілікті жерлердегі жұмыспен қамту орталықтары, әкімшіліктер тиісті мемлекеттік органдарға сұрау жасап, өздеріне тиісті мәліметтерді алатын болады», — деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі.