Наурыз – жылдың басы, күн мен түннің теңелер шағы. Ұлыстың ұлы мерекесі – Наурыз сонау ерте заманнан бір ай көлемінде тойланады. Дәстүрге сай, тазалық пен татулықтың тұғырын нығайтып, шаттық пен қуанышқа кенелтер ұлы мереке жуырда Қаскелең қаласының «Үшқоңыр» автобекетінде де аталып өтті.
Автобекеттің алаңында тігілген киіз үйде, шатыр астында дастарханнан жұртшылық ұлттық тағамнан дәм татты. Онда, барша қатысушыларды аудан әкімі Махаббат Бигелдиев құттықтап, ізгі тілегін жеткізді. Жоғарыда аталған автобекеттің әкімшілігі ұйымдастырған іс-шара жоғары деңгейде өтіп, еліміздің атақты эстрада ұжымдарының, әншілердің дайындаған мерекелік бағдарламасы көптің көңілінен шықты. Атап айтқанда, «Топ жарған» тобының актерлері жыл басы туралы қойылымын сахналап, әйгілі «Меломен» тобының әншілері, сонымен қатар, Кенжебек Жанәбілов, Роман Майғазиев, Бағлан Әбдірайымов, Райм сынды эстрада жұлдыздары, ақындар, бишілер өнерлерімен баршаны тәнті етті. Бұдан бөлек, жиналғандар ұлттық дәстүрлі ойындар бойынша жарысқа түсіп, қазақша күрес, садақ ату сынды сайыстарда күш сынасты.