Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында жеке үй шаруашылықтары мен шағын фермерлерді кооперативтерге тартуға мүмкіндік беретін жағдай жасау керек деп айтылған. Осыған орай еліміздің жер- жерінде түсіндіру шаралары жүргізілуде. Бұндай жиындардың бірқатары ауданымызда да ұйымдастырылды.
Өткен сәрсенбі күні аудан әкімдігінде Алматы облысы елді мекендерінде «Кооперацияны дамыту және ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту» тақырыбында аймақтық семинар- кеңесі өтті. Бұл жиын жергілікті тұрғындармен ашық сұхбаттасып, мемлекеттік бағдарламаларды жете ұғындырып, жеке кәсіппен айналысам деушілерге арналған үкімет тарапынан жасалатын жеңілдіктерді түсіндіру мақсатында өтті. Аудан әкімінің орынбасары Мақсұт Джапаров жүргізген басқосуда ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің арнайы топ жетекшісі Ерлан Ильясов, Алматы облысы ауыл шаруашылығы басқарма басшысының орынбасары Коюмчан Омаров, аталған басқарманың егін шаруашылығы бөлімінің бас маманы Саят Сарғалдақов, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Алматы облысы филиалының директоры Мади Ибадуллаев, Ауыл шаруашылығы несие корпорациясының директоры Марат Балтаев баяндама оқыды. Осындай маңызы зор кездесуге аудан тұрғындары, жеке шаруа қожалықтары, ауыл әкімдері, арнайы мамандар қатысты.
Жиын барысында әңгіменің көбі кооперация құру және мемлекет тарапынан берілетін субсидия, аз пайыздық несиеге келіп тірелді. Бір айта кетерлігі, жұртшылықтың көбі кооперацияның мәнін және үкіметтің көмегін алу жолдарын толық білмейтін көрінеді. Қысқаша айтар болсақ, ниетті, шаруашылық бағыты мен қожалығы бар бірнеше адам ынтымақтасып, тең құқылы бірлестік құра алады. Егер олардың саны 20-ға толса, субсидия алуға мүмкіндігі ашылады. Әр бағыттың өзіне тән бағдарламасы бар. Мысалы, «Ынтымақ» – етті, сүтті, көкөніс бағытында, «Береке» – мал сою орнын техникалық жабдықтауға, «Игілік» – мал басын көбейту бойынша, «Кәсіпкер» – бизнесті дамытуға арналған жобалар.
Өз кезегінде қатысушылар да үнсіз қалмады. Бірінен соң бірі көкейдегі сұрақтарын қойды. Министрліктен келген өкілге кооперация құруға қатысты ұсыныстарын білдіріп, басшылыққа жеткізуді сұрады. Ал, Ерлан Ильясов болса өз кезегінде, барлық айтылған пікірлер ескерусіз қалмай қарастырылатынын мәлімдеп, шаруалар мен кәсіпкерлерді мемлекет ұсынған мүмкіндіктен құр қалмай ел экономикасын көтеруге үлес қосуға шақырды.