Ауыл жастары үшін мал шаруашылығы мамандықтарына квота 50 пайызға ұлғайтылады. Бұл жайында Сенат депутаттарының сауалына орай ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің жауабында айтылған, деп хабарлайды Karasayinfo.kz желілік басылымы ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап.
— Қазіргі кезде осы қаулыға «Ауыл шаруашылығы және биоресурстар» мен «Ветеринария» сияқты білім беру бағдарламалары бойынша салаларда ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуын айқындайтын ауыл жастары арасынан шыққан азаматтар үшін қабылдау квотасын 30-дан 50 пайызға дейін ұлғайту жөнінде өзгерістер мен толықтырулар енгізу жоспарлануда. Сонымен қатар, 2014 жылдан бастап республикада «Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» – «Серпін-2050» жобасы іске асырылуда, оған ауыл жастары арасынан шыққан азаматтар ғана қатысады (Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан облыстары). Олар үшін техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғары білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына оқуға түсу кезінде 10 пайыз мөлшерінде қабылдау квотасы бекітілді«, — деді Асқар Мамин.
Премьер-Министрдің дерегінше, Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында ауыл тұрғындарын, оның ішінде малшылар үшін мемлекеттік қолдаудың жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін микрокредиттер, мемлекеттік гранттар беру, «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне тегін оқыту сынды түрлері көзделген. Ауыл тұрғындары асыл тұқымды малды өсіру үшін осы құралдарды пайдалана алады.
2019 жылы 17 774 микрокредит, оның ішінде ауылдық жерлерде – жалпы сомасы 59,6 млрд теңгеге 15 633 микрокредит (жылдық жоспардың 93,8%) берілді. Сондай-ақ, биыл «Еңбек» бағдарламасы аясында ауылдағы кәсіпкерлікті дамытуға 43,3 млрд теңге сомаға 11 294 микрокредит беру жоспарланған.