Бүгін Алматы-Бішкек жолының бойында Райымбек пен Ұмтыл ауылдық округінің тұрғындары жиналып, осыдан біраз уақыт бұрын алынып тасталған жаяу өткел жолын қайта салуды талап етті, – деп хабарлайды Naqty.kz желілік басылымы.
Тұрғындардың айтуынша, құқық қорғау органдары жаздың басында «Бахар» мейрамханасының қасында орналасқан жаяу өткен жолын алып тастаған. Енді жолдан өту үшін 15-20 минуттық жерде орналасқан көпірге баруға мәжбүр. Оның үстіне екі аптадан кейін оқу жылы басталмақ, сол кезде балалардың мектепке баруы қиындамақ.
Халықтың наразылығын тыңдауға келген Алматы облыстық әкімшілік полиция басқармасының басшысы, полиция майоры Нұржан Устемировтың Сөзінше, бұл бірінші «А» категориялық жол болғандықтан, кез келген жерге жаяу өткен жолын қоюға олардың құзіреті жоқ. Оның үстіне мұнда күнде таңертең кептелістер пайда болады. Егер тағы бір жаяу өткен жолы салынса, кептеліс екі есеге артады. Бұған қоса басқа округтерден, Жамбыл ауданынан осы жол арқылы қалаға кететін жүргізушілер тарапынан шағымдарда көбейетін болады. Сондықтан бұл мәселені тез арада шешуге мүмкіндік жоқ.
Кездесу соңында Нұржан Устемиров тұрғындардың жағдайын ескеріп, әкімдікпен ақылдаса отырып, мәселенің бір шешімін іздестіретіндігін айтты.