Жылда облыс көлемінде өткізілетін аудандардың мәдениет күндері биыл өзгешеленіп, енді, елді мекендердің өнер ордалары сынға түсуде. Нақты айтқанда, Елбасының «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында, Алматы облысында «Ауылым-алтын бесігім» байқауы жүріп жатыр. Осы сайысқа төрелік ететін комиссия құрамы Қарасай ауданына да келіп, оған қатысуға лайықты деп табылған Іргелі және Ұмтыл мәдениет үйлеріндегі «Ел мақтаны — Елбасы» және «Ауыл кеші көңілді» атты концерттік бағдарламаларды тамашалап, жалпы аудандағы мәдениет саласында атқарылып жатқан жұмыстарға баға берді. Шара барысында Алматы облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бөлім басшысы Т.Гумаров сөйлеп, байқаудың қорытындысы қазан айында белгілі болатындығын мәлімдеді.
Айта кету керек, мұндағы басты мақсат — шалғай жатқан мәдени ошақтардың тамырына қан жүгіртіп, нысандардың материалдық-техникалық базасын нығайту. Ауылдық клубтарда еңбек ететін мәдениет қызметкерлерінің қабілет-қарымын шыңдап, жаңа есімдерді анықтау. Байқау 12 маусым 19 шілде аралығында жалғасады. Оған Алматы облысының 16 ауданы мен 3 қаласынан 2-3 тен мәдениет үйлері қатыса алады. Үздік деп танылған мәдениет үйіне автокөлік сыйға тартылып, 20 мәдениет үйінің материалдық-техникалық базасы жаңартылады.