Елімізде оқушылардың тіс саулығын сақтауға, ауыз қуысы ауруларының алдын алуға бағытталған «Болашаққа сау тіспен» бағдарламасы жүзеге асуда. Оның аясында 2028 жылдың соңына дейін республикаға қарасты мектептерде 987 кабинет ашу жоспарланып отыр. Игі бастаманың алғашқы жақсы нәтижелерін біздің Қарасай ауданында да көруге болады. Яғни аталған бағдарлама аясында өткен жылдан бері ауданымызда орналасқан төрт мектепте тегін стоматология кабинеттері ашылды. Оның бірі Елтай ауылдық округіне қарасты Жармұхамбет ауылындағы №2 орта мектебінде орналасқан, деп хабарлайды Naqty.kz желілік басылымы.
Орта білім ордасының директоры Мөлдір Есбатырованың сөзіне сүйенсек, мектептегі стоматология кабинеті өткен жылдың желтоқсан айында өз жұмысын бастаған. Бөлме алғашқы көмекті көрсету үшін барлық қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Мұнда ауыз қуысы ауруларын диагностикалауға және емдеуге арналған көп функционалды стоматологиялық орындық, құрал-жабдықтарды бумен залалсыздандыратын автоклав және ультракүлгін камерасы, сондай-ақ автоклав, қондырғылар мен құрал-жабдықтарды залалсыздандыратын және ерітінді дайындауда қолданылатын булану және конденсация арқылы жоғары тазартылған суды жасайтын дистиллятор және тағы да басқа қажетті құралдар орнатылған. Жармұхамбет ауылындағы №2 орта мектебінен бөлек мұндай кабинеттер аудандағы Соқпақбаев, Қосынов және Қарасай батыр атындағы орта мектептерде де ашылған.
