Бірқатар мәселелерін алға тартқан қарасайлықтар бүгін аудан әкімі Жандарбек Далабаевтың кезекті қабылдауында болып, жеке басына қатысты және көпшіліктің атынан өтініштерін ортаға салды. Аудандық әкімдіктің үлкен мәжіліс залындағы жиынға аудан басшысының орынбасарлары мен бірнеше бөлім басшылары да қатысып отырды, деп хабарлайды karasayinfo.kz желілік басылымның тілшісі.
Жандарбек Ермекұлының ай сайын өткізетін осы жолғы кезекті қабылдауы мемлекеттік мекемелердің ашықтығы мен қолжетімділігін қамтасыз ету мақсатында өткізілді. Бірнеше сағатқа созылған кездесуде түрлі салаға қатысты мәселелердің көбі қамтылды десек те болады. Әсіресе, жер мен баспанаға қатысты сұрақтың төңірегінде біраз ойлар айтылып, жауапты басшылардың пікірлесуімен кейбір мәселелердің шешімі сол мезетте бірден табылып та жатты. Мәселен, мал шаруашылығын қолға алуды көздеген Нұрлан Махамбетов жайылымға жер сұрап, ұсақ малдың басын арттырсам деген ниетін білдірді. Ал, аудан әкімі бұл ұсынысты бірден қолдап, фермерлік немесе шаруа қожалыққа қатысты жер телімдерінің конкурсы болатынын айта келе, бұл бастамаға қалайда қолдау бідіретінін жеткізді.
Жиын барысында Береке ауылының бір топ тұрғындарының өтініштері де көпшілік арасындағы талқылауға айналды. Ауылдастардың айтуына қарағанда, қоқыс жинау бойынша екі мекеме жауапты болса, соның бірі жұмыстарын талапқа сай атқара алмайды және қызметтік сапасы да төмен көрінеді. Бұл жайттан хабардар округ әкімі алдағы уақытта екі мекеменің басшылығымен жеке кездесіп, барлығының мән-жайын анықтайтынын айтты.
[su_custom_gallery source=»media: 15980,15979,15978,15977″ link=»lightbox» width=»150″ height=»150″ title=»never»]
Аудан әкімінің қабылдауында тұрғындар тарапынан әлеуметтік мәселелердің реті де қозғалып, жан-жақты пікір айтылды. Әсіресе, атаулы әлеуметтік көмек пен мемлекеттік жәрдемақыға қатысты сұрақтар ортаға салынды. Заң айналасындағы кейбір түсініксіз жайттарға аудан басшысы өзінің ойын да айтып, жауапты басшыларға осы салаға қатысты мәселені қолға алуын тапсырды.
Сонымен, аудан әкімі Жандарбек Ермекұлы жиын барысында кездесуге жазылғандардың барлық ойын тыңдап, заң шеңберінде барлығын назарға алатынын жеткізді. Сондай-ақ, тұрғындардың өтініштеріне қатысты кейбір атқарылатын жұмыстардың да ретін толық түсіндіріп өтті.