Бүгін аудан әкімі Махаббат Бигелдиев аудандық Халыққа қызмет көрсету орталығында болды. Ондағы мақсаты – жылдың басынан Қазақстанда экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша заңнамаға енгізілген өзгерістерге қатысты елімізде азаматтарды тұрақты және уақытша тіркеуге байланысты, тұрғындар арасында келеңсіздік тумауын қадағалап, адамдар есепке тұруға тоқтаусыз ағылған орталықтағы жағдайды өз көзімен көру еді.
Ең алдымен аудан әкімі тіркеу жүріп жатқан залды аралап, ондағы жұмыс барысымен танысты. Дүйсенбі күні мұнда келушілер саны шамадан тыс көбейіп, аздаған қолайсыздықтар туған болса, екінші жұмыс күнінде кезекте тұрғандардың қатары азайып, жұмыс тәртібі де күшейтілгені көрініп тұрды. Мұнда қосымша екі қызмет көрсету терезесі іске қосылған. Ал, аудандық көші-қон полициясының аға инспекторы, полиция майоры Айдар Мусекеновтың мәліметі бойынша, жылдың басынан бүгінгі күнге дейін 998 қарасайлық азамат тіркелсе, олардың 381-і уақытша тіркеу ретінде есепке алынған.
Өз кезегінде аудан әкімі осы науқанға әкімдік тарапынан да барынша қолдау көрсететінін айтып, тиісті қызмет басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.