«Ақ Жайық» басылымының мәлімдеуінше, Атырау облысында өз-өзіне қол жұмсаған 25 жастағы полиция қызметкерінің денесі табылды. Бұл осы айда өңірде болған үшінші жағдай, – деп хабарлайды Karasayinfo.kz желілік басылымы.
29 наурызда сағат 8-де Құрманғазы ауылында полиция қызметкері асылып өлген. Құрманғазы ауданының тумасы Теңіз полиция бөлімінде кезекшінің көмекшісі болып қызмет еткен. Оның денесі стадионнан табылған. Қазіргі уақытта ҚР ҚК-нің 105-бабы («Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу») бойынша қылмыстық іс қозғау мәселесі шешіліп жатыр.
Жергілікті құқық қорғау органдарында бұл наурызда болған үшінші жағдай екені айтылады. 20 наурызда Махамбет ауданында тағы бір 25 жастағы полицей өлі табылған еді. Жайық өзенінің жағалауында оның көлігі тұрған. 19 наурызда ҚПБ психологы болып жұмыс істеген полиция лейтенанты өз үйінде өлі табылған. Бұл оқиға оның тойына бірнеше күн қалғанда болған.
Атырау облысының Полиция департаменті бастығының орынбасары Әлихан Байдосовтың айтуынша, Құрманғазы ауданында болған 1996 жылы туған полиция қызметкерінің қайтыс болу фактісі бойынша қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ, 20 наурызда Жайық өзенінде мәйіті табылған полицейдің өліміне қатысты тергеу амалдары жүргізілуде. Ал, Атырау қалалық Полиция басқармасының қызметкері 19 наурызда аурудан қайтыс болған.