Әлемдік тәжірибесі бар француздық компания Алматы облысында қатты қалдықтарға арналған екі заманауи полигон салады. Полигондар Талдықорған және Алматы өңірлерінде орналастырылады. Бұл туралы кеше облыс әкімі Амандық Баталовтың француздық «SUEZ» компаниясы мен отандық «Keremet Projects» компаниясы өкілдерімен болған кездесуде айтылды, деп хабарлайды Karasayinfo.kz желілік басылымы Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Компания жұмысы мен олардың жүзеге асырып жатқан жобалары туралы «SUEZ Group» кәсіпорнының халықаралық қатынастар жөніндегі вице-президенті Тимоти Каржиль айтып берді.
Оның айтуынша, компания полигонды барлық экологиялық талаптарды сақтайды. Яғни, фильтраттың жерге сіңбеуіне, оның жер асты суларын уламауына, ауаға зиянды заттарды шығармауға баса назар аударады.
Сонымен қатар өңдеуге келмейтін қалдықтарды жағу процесін да атқарады: бұл орайда міндетті түрде түтінді тазалау, одан әрі пайдалы энергия өндіру де қарастырылады. Бұл ретте компания қалдықтарды өңдей отырып, мемлекет пен компания үшін энергияның көптеген түрлерін, соның ішінде биогаз, тыңайтқыш та шығарады. «SUEZ» қалдықтарды сегрегациялауға, яғни қоқыстарды өңдеуге және энергияға айналдыруға болатын қалдықтар, сонымен бірге өңдеуге келмейтін қалдықтар деп екі топқа бөлуге маманданған. Сол сияқты компания «дымқыл» деп аталып жүрген, жасыл электр энергиясын өндіруде пайдаланылатын муниципалды қалдықтарды өңдей алады.
Аталмыш өндіріс орны мұндай технологияда әлемде көшбасшы болып саналады, өз қызметін 80 елде ұсынып отыр. Сол сияқты компанияның басқаруында әлем бойынша 100 тұрмыстық қатты қалдықтар полигоны бар. Компанияның қызметі туралы баяндаушылардың сөзін, жобаларының таныстырылымы жайлы тыңдаған облыс әкімі Амандық Баталов бірінші кезеңде іскерлік байланысты Талдықорған және Алматы өңірлерінде екі полигон салудан бастауды ұсынды.
Өз кезегінде «SUEZ» компаниясының өкілдері артылған сенім үшін ризашылықтарын жеткізіп, жобаны іске асырудың дайындық жұмысы сапалы болады деп сендірді.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімі өзінің бірінші орынбасары Л.Тұрлашовқа, облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы Б. Тәнекеновке осы жобаны іске асырудың барлық сатысында ерекше бақылауға алуды тапсырды.
Атап өтсек, қазақстандық «Keremet Projects» компаниясы жобаның барлық кезеңдерінде жетекшілік етіп, полигон құрылысын жүзеге асыратын болады.