Еліміздің жаңадан сайланған Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзін ұлықтау рәсімінде Мемлекет басшысы ретінде Қазақстан халқына ант берді, деп хабарлайды karasayinfo.kz желілік басылымы ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Салтанатты рәсім Нұр-Сұлтан қаласындағы Тәуелсіздік сарайында өтіп, алдымен көпшілік ортаға Қазақстан Республикасының Туы, штандарты мен Конституциясы әкелінді.
Ата Заңымызға сәйкес, жаңа Мемлекет басшыны ұлықтау кездегі дәстүр бойынша ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Конситуцияға қолын қойып тұрып: – Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын қатаң сақтауға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепiлдiк беруге, Қазақстан Республикасы Президентiнiң өзiме жүктелген мәртебелi мiндетiн адал атқаруға салтанатты түрде ант етемiн, – деді.
Жаңадан сайлаған ел Президенті Қ.Тоқаев Қазақстан халқына ант бергеннен кейін Мемлекеттік гимн орындалып, Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Б.Имашев Мемлекет басшысына Қазақстан Республикасы Президентінің куәлігін тапсырды.
Дәл осы сәттен бастап Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ресми түрде Президенттік қызметіне кіріскен болып саналады.