Өткен жылдың қараша айынан бастап Қаскелең қаласындағы ескі ДОСААФ ғимаратында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Аудандық құрылыс бөлімі басшысы Бақытжан Абутурапұлының айтуынша, бұл жұмыстар биыл аяқталып, келер жылдың басында аталған нысан өнер мектебі ретінде қолданысқа берілетін болады. Жалпы аудан орталығында орналасқан бұрынғы ДОСААФ ғимаратын жандандырып, өнер мектебі ретінде пайдалануға беру қажеттілігі туралы біраз жылдар айтылып жүрген еді. Тұрғындар тарапынан да аталған мәселе талай рет көтерілді. Өзекті тақырыпқа айналған бұл мәселе ағымдағы жылы толықтай өз шешімін тапты. Нақтырақ айтқанда, 2023 жылдың қараша айында «Даулет-Серпін-603» ЖШС ғимараттың жандандыру жұмыстарын бастап кеткен болатын. Алайда нысанның иесі мен Алматы облысының қаржы бөлімі, Қарасай ауданының білім бөлімінің арасындағы сот процестеріне байланысты бюджеттен қаражат бөлінбей қалған. Соған қарамастан мердігер мекеме құрылыс жұмыстарын тоқтатпай, ақырындап жүргізіп отырған. Биыл нысанға байланысты мәселелер шешіліп, таяуда облыстан қажетті қаражат бөлінді. Мердігер мекеменің директорының бірінші орынбасары Медет Омархановтың айтуынша, бүгінде ғимараттың кірпіші мен терезелері орнатылып, шатыры жабылып, демонтаж жұмыстары толығымен аяқталған. Ал қазір ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, 2-ші және 3-ші қабаттарда жылыту жүйесі, кафель, плинтус орнатылып біткен. Енді осындай жұмыстар 1-ші қабатта да жүргізіледі. Жұмыс қарқыны жақсы болғандықтан мердігер компания оны толығымен биылғы жылдың соңына дейін бітіруді жоспарлап отыр. Егер жұмыстардың барлығы ойдағыдай жүргізілетін болса, онда келер жылы қарасайлық оқушылар үшін Қаскелеңде жаңа өнер мектебі есігін ашатын болады.
Қаскелеңдегі Өнер мектебінің құрылысы аяқталуға жақын (Видео)
