Алмалыбақ ауылының тұрғыны Асхат Зулхарнайұлы үйінің ауласынан шағын жылыжай салып, құлпынай өндірісін қолға алып отыр. Ісін ілгерлету үшін ол кәсіпкерлерге қолдау ретінде мемлекет тарапынан берілетін қайтарымсыз грантты пайдаланған. Негізі Асхат спорттық медицинаға маманданған дәрігер. Ол Қазақстандағы кәсіби жекпе-жек лигаларында рингсайд дәрігері ретінде жұмыс істейді. Ал кәсіпкерлікпен отбасын табиғи таза өніммен қамтамасыз ету және қосымша табыс табу мақсатында айналысуды шешкен. Жылыжай ісімен айналысуға деген ұмтылыс бұрыннан болған. – Осыдан бірнеше жыл бұрын қыс кезінде балаларымды қуантайын деп дүкеннен құлпынай сатып алған едім. Үйге әкеліп, жеп көрсем дәмі пластик татып тұрды. Амал жоқ тастауға мәжбүр болдым. Сол кезде өзімнің жылыжайымды салып, онда нағыз құлпынай өсіремін деген ой келді. Алайда бұл ойымды тек ауылды жерге көшіп келгенде ғана іске асыра алдым. Бірінші рет құлпынайды өсіруге тырысқанымда тәжірибемнің жеткіліксіздігі болар, сәтсіз болды. Бірақ кейін шағын кәсіпкерлікті қолдаудың мемлекеттік бағдарламасы аясында 400 АЕК көлемінде гранттар берілетінін ресми дерек көздерінен білдім. Сөйтіп қажетті құжаттарды жинап, байқауға қатысып, грант иегері атаным, – дейді кәсіпкер. Берілген қаражатқа ол сапалы құлпынай бұталарын, осы дақылды өсіруге арналған топырақ сатып алып, тамшылатып суару жүйесін орнатқан. Жалпы жер телімінің ауданы 11,4 акр, ал жылыжайдың өзі 102 шаршы метрді құрайды. Осы шағын шаруашылыққа биыл қазан айының ортасында екі мың «Альбион» құлпынайының көшеттерін отырғызған. Асхаттың айтуынша, отырғызылған көшеттерден кем дегенде бір тонна дәмді әрі хош иісті құлпынай алу жоспарланған. Алғашқы өнім ойдағыдай шықса, кәсіпкер өз ісін белсендетіп, құлпынай алқабын кеңейтуді жоспарлап отыр.
Асхат Зулхарнайұлы: «Құлпынай өсіру – табысты кәсіп» (Видео)
