Ардагерлер ардақталған күн

Ардагерлер ардақталған күн

9 мамыр – Ұлы Жеңістің дабылы қағылып, дүние жүзіне қауіп төндірген фашистік Германияның жеңіліс тапқан күні. Еліміз бен жерімізді қорғаған майдангерлеріміздің Рейхстаг туын жыққан күні. Бұл сұрапыл соғысқа қазіргі Қарасай, бұрынғы Қаскелең ауданынан 8 мың азамат аттанып, олардың 4416-сы ғана елге оралса, қалған 3500-ден аса боздақ қанды балақ қырғында опат болған. Бүгінгі күні ауданымызда 25 Ұлы Отан соғысының ардагері, 64 ардагерлердің жесірлері, 1002 тыл еңбеккерлері бақуатты өмір кешуде. Осы қатары сиреп бара жатқан батырларымызға жыл сайын арнайы құрмет көрсетіліп, мерекелік шара ұйымдастырылады. Биыл да бұл үрдіс жалғасын тапты. 9 Мамыр Жеңіс күніне орай, орталық алаңда өткен мереке шымылдығын аудандық мәдениет үйі өнерпаздары қойған сахналық көрініс ашты. Сонау 1941 жылғы сұрапыл соғыстың алғашқы кезеңінен бастап, әскерге жарамды еркектердің майданға аттануы, жетім қалған баланың, жесір атанған әйелдің зары, жастайынан еңбекке араласқан өрімдей бала, қара жұмысқа жегілген қауқарсыз қария, айрандай ұйып отырған халықтың басына үйірілген қара бұлттың, қасіреттің орнауын баяндады. Қойылым соңында радиодан Ұлы Жеңістің үнхабары жарияға жар сала таралды. Осы кезде бүкіл әлемді шаттық кернегендей болды. Ізін ала, жан тебіренткен бұл көрістің әсерінен шыға алмай тұрған халыққа аудан әкімі Махаббат Бигелдиев құттықтау сөз сөйлеп, атаулы күннің маңызына тоқталып, жақсы тілегін арнады. Жарты әлемді тозақ отына орап, адамзат тарихында өшпестей қаралы таңба қалдырған қасіретті соғыстың аяқталғанына 72 жыл болса да, сол бір алапат соғысты басынан кешіріп, от пен оқтың ортасында жүріп елімізді фашизмнің азабы мен құлдығынан сақтап қалған ардагерлеріміздің қайсарлығы мен ерлігіне кейінгі буын әрдайым тағзым етіп, құрмет тұтып, есімдерін мәңгі ұмытпайтынын жеткізді. Сонымен қатар аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы Сайлаубек Қыдыралиев те майдангерлерге ыстық ықыласын арнап, өскелең ұрпаққа үлгі болар өнегелі істерді ұмытпауға шақырды.

Мерекелік бағдарлама барысында аудан әкімі Махаббат Садуақасұлы бастаған мекеме басшылары, қоғам белсенділері «Мәңгілік алауға» барып, майданда шейіт болған батырлардың асқақ рухын ардақ тұтып, гүл шоқтарын қойды. Содан соң мереке иелері бірдей киімдегі, дәліз құрап, қошемет білдірген оқушылар арасынан өтіп, «Достық» мейрамханасына жайылған ақ дастарханға бет алды.

Жалпы, бұл күні алаңға аудан тұрғындары өте көп жиналды. Қарасайлықтар концерттік бағдарламаға арқау болған патриоттық сарындағы әншашудан сусындап, рухани жаңғырып қайтты.

Оставить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Что будем искать? Например,Человек

Мы в социальных сетях