Қарасайлық құсбегі ұлттық өнерді өрге бастыруда (Видео)

Қарасайлық құсбегі ұлттық өнерді өрге бастыруда (Видео)

Қырағы құстардың бабын тауып, көне дәстүрді өрге бастырып жүрген Руслан Абылов құсбегілік өнерді төрткүл дүниеге бреэнд ретінде қалыптастырсам дейді. Өнерлі отбасында дүниеге келсе де қарасайлық құсбегінің мәдениет жолында таңдаған жолы мүлдем бөлек. Жастайынан құсшы атануға құмар болған кейіпкеріміз бала арманына қол жеткізу үшін осы дәстүрлі өнер жолында тынбай еңбек етіп келеді.         Бүгінде саятшылықты серік еткен Русланның осы уақытқа дейін елімізде әлі болмаған құстарды жаттықтыруға арналған құсбегілік лагері бар. Ауданымызға қарасты Ұлан ауылының маңайында орналасқан бұл дархан даладағы демалыс орнында қыран құстарды үйретуге барынша жағдай жасалған. Құтты қонақтарға арналған қазақ үйі мен жаздық күрке тәрізді демалыс орындары да бар. Өткен аптада осы құсбегілік лагерде Русланның баптап жүрген құстарының өнерін тамашалауға Алматы облыстық туризм басқармасының бастамасымен туристік индустрияның өкілдері келіп, лашын, бүркіт сияқты құстардың қырағылықтарына тәнті болды. Құсбегі Руслан алыстан арнайы келген қонақтар мен БАҚ өкілдеріне өзінің қанатты құстарын жан-жақты таныстырып, атакәсіпке қалай келудегі мақсатын да айтып берді.

Жалпы, қарасайлық құсшының алдағы арманы жетіп артылады. Алдымен, іргетасы қаланғанына көп болмаған осы «Falconry Camp» құсбегілік лагерінің кеңістігін кеңейтіп, қазақтың қанына біткен осы өнер арқылы елдің мәдениетін әлемге таныту. Дәстүрімізді дәріптеуді мақсат еткен Русланның түрлі ел арасындағы көрмелер мен халықаралық дейгейдегі қыран құстардың додаларына қатысып, жүлделі орын алған жетістіктері де жетіп артылады. Сондай-ақ, осы уақытқа дейін Малайзия, Сингапур, Италия сияқты елдердің туристері де бұл орталыққа келіп, Русланның құс баптау шеберліктеріне куә болған. Осындай ауыз толтырып айтатын қарасайлық құсшының еңбектері жана берсін дегіміз келеді. Тілсіз тіршілік иесімен тілдесіп, қазақтың тектілігін дархан даласымен танытып жүрген құсбегі Руслан сияқты азаматтар көп болса, мәдениетіміз жан-жақты жаңғыра түседі деп сенеміз!

Оставить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Что будем искать? Например,Человек

Мы в социальных сетях