Қарасайлық энергетиктер тағы да жеңіс тұғырында

0
2922

Қарасай ауданының энергетиктері биыл да жеңіс тұғырынан көрінді! Еске сала кетсек, электр тарату тораптары оперативтік-жөндеу бригадалары арасындағы республикалық кәсіби жарыс жыл сайын, еліміздің әр аймақтарында дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Биыл бұл бәсеке Қызылорда облысында ұйымдастырылды. Шараға Қазақстанның 10 облысынан қатысқан командалар арасында біздің жерлестеріміз бірінші орынды жеңіп алып, «УАЗ Патриот» автокөлігін мініп қайтты.

Бүгін бұл абырой биігінен көрінген команданы «Алатау жарық компаниясы» АҚ-ның басқарма төрағасы М.Үмбетов бастаған аудандық электр жүйелерінің торабы ұжымы салтанатты жағдайда қарсы алды. Көпшілік алдында жақсы тілегін білдірген Мұхит Әбікенұлы  ел экономикасының дамуын энергетикасыз елестетуге болмайтынын сөз етіп, мұндай республикалық оқу-жаттығулар өткізу энергиямен қамтамасыз ету мүмкіндігін арттыратынын, электр энергиясының шығындарын азайтуға және инвестициялар тарту мен көрсетіліп жатқан қызметтер сапасының жақсаруына жол ашатынын айта келе, ізгі мамандық иелеріне алда да сәттілік тіледі.

Жалпы, бұл төрт күнге созылған сайыс жеті турдан тұрған. Біріншісінде білімін тексеруге емтихан тапсырса, екіншісінде тоққа түскен адамды құтқару жолдарын көрсету жүктелген. Ал, қалғандары негізгі электр желісіндегі жұмыстарға қатысты болған. Яғни, жаңа құралдарды, техникаларды пайдалана отырып, электр тоғының сапасын жақсарту және т.б.

Қарасай аудандық электр жүйесі тораптарының бас инженері Қайыпберген Мұратбаев топ басшы болып бастап барған команда құрамында Сейдалиев Әділхан, Мамаев Алмас, Абдикаримов Бекбол, Ташкенбаев Әділет сияқты қызметкерлер болған. Солардың ішінде Ә. Сейдалиевтің қаншама адамның арасынан «Үздік шебер» атануы да жақсы жетістік.

  • Бұл біздің осындай жарыстан ұтып алған оныншы көлігіміз,- дейді бас инженер өз сөзінде. – Сайыс оңайға соққан жоқ. Бізге, әсіресе, Талдықорған, Шымкент қалаларының, Шығыс Қазақстан облысының командалары мықты қарсылас болды. Бірақ, біздің жігіттеріміз өздерінің іске деген мығымдылығын, білімділігін, бәсекеге қабілеттіліктерін анық байқатты. Тағы бір айта кетерлігі, біздің командалық киіміміз де өте сапалы, әдемі әрі ерекше болып, сол арқылы да көзге түсе білдік. Сол себепті, бұл жарысқа баруға бізге жәрдемдесіп, қолдау көрсеткен облыстық «АЖК» АҚ-ның басқарма басшысы Мұхит Әбікенұлына және осы аудандық электр жүйесі торабының басшысы Ерлан Момбаевқа, оның орынбасары Серік Тұралиевке алғыс айтқым келеді. Сондықтан, бұл жанкүйер болған түгелдей ұжымның жеңісі дегім келеді.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь