Айтулы мерекені Қарасай ауданына қарасты белгілі мұражайлар да дәстүрлі түрде жоғары деңгейде атап өтті. Мейрамдағы меймандарын күткендердің бірі алдымен аудан орталығы Қаскелең қаласында орналасқан тарихи-өлкетану музейі болды. Белгілі ақын Серік Қалиев басшылық ететін бұл орталық «Музейдегі түнгі үн» деп аталатын рухани шараны көптің көңілінен шығатындай өзгеше өткізді.
Мереке түні барысында Қаскелең қаласындағы Абай мектеп-гимназиясының балалар хоры мен жас әншілер өз өнерлерін ортаға салса, көңілді кешке келген мәртебелі меймандар мен ауданымыздың ардагер ұстаздары музейдің өркендеуіне деген ықыластарын жеткізді. Ал, Абай мектеп-гимназиясы мерекеге орай асықтармен апталған жылының мүсінін осы орталыққа тарту етті.
Дәл осындай мұражай әлемінің маңызды мерекесі Елбасымыздың кіндік қаны тамған жер – Шамалған ауылындағы «Атамекен» тарихи-мәдени орталығында да айрықша аталып өтілді. Кешқұрым мұнда жиналған құтты қонақтардың қарасы аз болмады. Ерекше түн алдымен мерекелік бағдарламамен басталып, округ әкімінің, музей қызметкерлерінің ақ тілегімен жалғасты. Өз кезегінде ауыл басшысы Ержас Тоқтасынов мұндай орталықтың ауылымызда орналасқаны үлкен мақтаныш екенін айтты.
Музей түнінде ұйымдастырылған шара барысында қазақ эстрада жұлдыздары мен ауданымыздың түрлі өнерпаздары өз өнерлерін тарту етіп, келген көпшілікті керемет әсерге бөледі. Мереке түнінде орталықтың екі қабатына да түрлі көрмелер қойылып, тоқыма, ағаш өңдеу қолөнершілердің жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Сонымен қатар, Жапон тағамы болып табылатын сушиді дайындаудан шеберлік сабақтар өткізіліп, қылқалам өнер иесінің туындылары да көпті таңғалдырып жатты. Ал, музейге енді қадам басқан қонақтар экскурсия барысында Елбасымыздың түрлі естеліктерімен танысып, орталықтың кинозалында түрлі бейнематериалдар тамашалады.
Халықаралық музейлер түніне орай ұйымдастырған ауданымыздың мәдени-рухани орталықтары осылайша мерекелік шараларын өз деңгейінде есте қаларлықтай өткізіп, жұртшылыққа мәдени құндылығымыздың қадір-қасиетін насихаттады.