Қарасай ауданында 30 мамыр күні Алматы облысындағы алғашқы ауқымды экстремальды эндуро фестивалі — Moto Extreme Kargaly сәтті өтті. Қайнар ауылындағы Қарғалы тауында ұйымдастырылған айтулы шараға Қарасай ауданы әкімінің орынбасары Бексұлтан Ақылбек қатысып, фестиваль қонақтары мен спортшыларға сәттілік тіледі.
Қазақстандағы алғашқы ірі экстремалды эндуро жарысы ретінде өткен фестиваль еліміздегі экстремалды мотоспорт мәдениетін дамытуға бағытталды. Ауқымды шараға 200-ден астам спортшы қатысып, кәсіби және әуесқой санаттары бойынша тау, батпақ, жыра және күрделі табиғи кедергілерден тұратын арнайы трассада бақ сынады.
Фестиваль бағдарламасы жарыспен ғана шектелмей, келушілер үшін музыкалық шоу, DJ сеттер, фудкорт аймақтары, демеушілердің арнайы белсенділіктері, интерактивті ойындар мен ұтыс ойындары ұйымдастырылды. Сондай-ақ іс-шара барысында тікелей эфир жүргізіліп, арнайы медиа-контент дайындалды.
Күні бойы жалғасқан тартысты бәсекенің қорытындысында үздік спортшылар анықталып, жеңімпаздар салтанатты түрде марапатталды. Кешкі бағдарлама концерттік қойылымдармен жалғасты.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, Moto Extreme Kargaly экстремалды спорт индустриясын дамытуға арналған жаңа алаң ретінде мотоспорт әуесқойларын, белсенді өмір салтын ұстанатын жастарды және экстремалды спорт жанкүйерлерін бір ортаға біріктірді.
Moto Extreme Kargaly — бұл тек жарыс қана емес, бұл жылдамдықтың, төзімділіктің және нағыз экстремал рухының мерекесі.
