Күн мен түн теңеліп, тіршілікке қуат беретін, алдағы жақсы күндерден үміттендіретін Наурыз мерекесі бүгін Қарасай жерінде де тойланды, деп хабарлайды деп Naqty.kz желілік басылымы.
Соңғы уақытта әлемді алаңдатқан коронавирус індеті бұрынғыдан қарағанда өршуі бәсеңдеді. Аты жаман аурудың ауылы алыстаған соң елімізде әз-Наурыз мерекесі тойлануда. Қарасай жұртшылығы да дәл бүгін дәстүрден жаңылмай Ұлыстың ұлы күнін атап өтті.
Мерекелік іс-шара алғаш рет аудандық Мәдениет үйінің алаңында ұйымдастырылды. Концерттік бағдарлама барысында Наурыз мерекесіне орай тарихымыздан сыр шертетін театрландырылған көрініс қойылып, әуезді әндер шырқалды.
Салтанатты бас қосуға аудан әкімі Жандарбек Далабаев арнайы қатысып, қарасайлықтар мен қонақтарға ақ тілегін жеткізді. Одан кейін аудан басшысы мерекеге орай бірқатар мекемелердің дайындаған дастархандарынан дәм татып, Наурыз көжесінен ішіп, аудан халқымен әңгімелесіп, ыстық ықыласын білдірді. Сонымен қатар, мерекеге орай өткізіліп жатқан ұлттық ойындарға қатысып, спортшылардың бақталасын тамашалады.
Екі жыл атап өтілмеген Наурыз мерекесі ауданымызда осылайша биыл өз деңгейінде ерекше өтті. Мәдениет үйінің алдына жиналған халықтың қарасы қалың болды. Аудандық әкімдік ұйымастырған іс-шараның аясында ұлттық құндылығымыз дәріптеліп, дәстүріміз жаңғыртылды. Шараның соңында аудан өнерпаздары халық әндерін шырқап, қарасайлықтарға мерекелік көңіл-күй сыйлады.