Қарасай ауданында 3 жылдан астам жемісті қызмет еткен Жәнібек Жақаев Бас Прокурордың бұйрығымен Алматы облысының орталығы – Қонаевтың прокуроры болып тағайындалды. Ал осы қалада заң қадағалаушы органда істейтін Айдос Шорманов бүгіннен бастап Қарасай ауданының прокуроры қызметіне ауысты.
Прокурорлардың бірімен қоштасып, екіншісімен танысу үшін аудан әкімдігінде жиын өтті. Оған Алматы облыстық прокурорының бірінші орынбасары Қанат Мамаев қатысып, аудан активіне жаңа прокурорды таныстырды.
Жиын барысында алдымен 2022 жылдан осы уақытқа дейін аудан прокуроры болған Жәнібек Оразбекұлы сөз сөйлеп, Қарасай жерінде атқарылған нәтижелі жұмыстарға тоқталып, аудан активіне ризашылығын білдірді. Сондай-ақ ол әлі де заң мен тәртіп үстемдік орнайтын істердің бар екенін айтып, олардың да жемісті болатынына сенім білдірді.
Ал ауданның жаңа прокуроры Айдос Тұрсынжанұлы заң аясында әділдік орнату тұрғысынан жұмыс одан әрі жалғасатынын айтып, аудан активімен танысып, бірлесе жұмыс атқаруға дайын екенін жеткізді.
Қос прокурордың қызметіне аудан жұртшылығы атынан ақ тілектер де айтылды. Қоғамдық кеңестің төрағасы Жанат Исағұлов өз сөзінде Жәнібек Жақаевтың атқарған жұмысына жақсы баға беріп, жаңа прокурор Айдос Шормановқа сәттілік тіледі. Сондай-ақ аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы Сағат Мәсімақынов екі азаматқа батасын беріп, қызметтерін абыройлы болуын тіледі.
Айта кетейік, Жәнібек Жақаев 1984 жылы Алматы облысы Талғар қаласында дүниеге келген. Еңбек жолын 2007 жылы Алматы қаласының Медеу ауданында бастаған. Одан кейін Алматы қаласының және Алматы облысы прокуратурасында түрлі лауазымда еңбек етті.
Ал ауданның жаңа прокуроры Айдос Шорманов – Алматы қаласының тумасы. 1978 жылы өмірге келген. 2000 жылдан бастап Алматы қаласы, Павлодар және Алматы облыстарындағы заң қадағалаушы органдарында жауапты қызмет атқарған.
