Қарасай ауданында логистикалық кешен ашылды (Видео)

Қарасай ауданында логистикалық кешен ашылды (Видео)

Алматы облысының экономикасын арттыратын жобалардың қатары тағы біреуге артып отыр. Қарасай ауданындағы Елтай ауылдық округіне қарасты Көкөзек ауылында «Mercury Logistics» деп аталатын өндірістік әрі қоймалық кешен пайдалануға берілді. «MP Solutions» ЖШС-нің иелігіндегі аталған нысанның ашылу салтанатына Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев, Қарасай ауданының әкімі Жасұлан Естенов және серіктестіктің өкілдері қатысты.

Салтанатты жиында алдымен өңір басшысы Марат Елеусізұлы құттықтау сөз сөйлеп, логистикалық орталықтың әлеуетіне сенім білдіріп, алдағы жұмысына сәттілік тіледі.

Ал «MP Solutions» ЖШС-нің директоры Нұрмат Сүйерқұлов өз сөзінде

кәсіпорынның ерекшеліктеріне тоқталып, осы жобаны жүзеге асыруға қолдау білдірген Марат Елеусізұлы бастаған Алматы облысының әкімдігіне, ресейлік серіктестерге және Қытайдан келген қаржы институттарының өкілдеріне алғысын білдірді.

Нысанның лента қию рәсімінен кейін мәртебелі меймандар логистикалық орталықтың кеңсесінен бастап әрбір қоймаларын аралады.

Бұл кешеннің басты ерекшелігі – мұнда әртүрлі температуралық режимде заттарды сақтайтын қоймалардың болуы. Одан бөлек мұнда бес бақылау-өткізу пункті қарастырылған.

Кәсіпорында логистерді даярлайтын арнайы мектеп те бар. Бұл тек өздерінің мамандарға деген қажеттілігін өтеп қана қоймай, басқа да компаниялар үшін кадр дайындаумен айналысады.

Кешенді аралап болған соң, Нұрмат Әнуарұлы компанияның логистикалық мүмкіндіктерін таныстырды. Оның айтуынша, компания жүктерді сақтау, өңдеу, тасымалдау, оларды уақтылы жеткізу бойынша логистикалық қызметтерді көрсетеді. Сонымен қатар жұмыс қарқынын дамыту мақсатында заманауи технологиялық шешімдер қарастырылған.

Айта кетейік, логистикалық-өндірістік кешенді 50 гектар аумаққа салыну жоспарланған. Қазіргі уақытта оның тек төрт гектары ғана игеріліп, бірінші кезең аясында ауданы 40 мың шаршы метр болатын кешен бой көтеріп отыр.

Жалпы, жобаны жүзеге асыру төрт кезеңнен тұрады. Оның ішінде 14 блок салу жоспарланса, оның алтауы 2026-2027 жылдар аралығында салынады. Ал жоба толығымен 2028 жылы аяқталады. Жаңа логистикалық кешенде 132 адам жұмыс істейді, оның 85-і – жергілікті тұрғындар. Қуаттылық артқан сайын жұмысшылар саны 1200 адамға жетеді.

Оставить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Что будем искать? Например,Человек

Мы в социальных сетях