Дүкен сатушысы мен сатып алушы арасында жанжал туып, соңы кісі өлімімен аяқталды, деп хабарлайды Karasayinfo.kz желілік басылымы КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, 17 қазанда сағат 10:00 шамасында Қарасай аудандық полиция бөлімінің кезекші бөліміне Қарасай ауданы, Тұрар ауылындағы дүкендердің бірінен зорлық-зомбылық белгілері бар ер адамның мәйіті табылғаны туралы хабарлама түскен.
«Оқиға орнына барған тергеу-жедел тобы бұл ақпаратты растады. Тергеушілер жедел-криминалистика департаменті, учаскелік полиция қызметкерлерімен бірге марқұмның жеке басын анықтады. Ол – 54 жастағы Тұрар ауылының тұрғыны. Осыдан кейін Жібек жолы ауылының 39 жастағы тұрғыны ұсталды, ол басында бәрін жоққа шығарғанымен, кейін дәлелдерді көрсеткеннен кейін кісі өлтіргенін мойындап, қылмыс құралы – пышағын берді», – деп мәлімдеді облыстық ПД.
Дүкен сатушысы мен сатып алушы арасында жанжал туындағаны белгілі болды, нәтижесінде сатушы сатып алушының кеудесінен пышақпен ұрған. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оған қатысты ҚК-нің 99-бабының 1-бөлігі «Адам өлтіру» бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.