Ауданымыздағы демографиялық жағдайдың жыл сайын жақсаруы білім ошақтары үшін қиындық туғызуда десек артық айтқандық емес. Себебі, қазіргі таңда оқушылар санының өсуіне байланысты үш ауысымды мектептердің қатары да артып келеді. Көпті алаңдатқан бұл мәселенің түйіткілі уақыт талабымен өз шешімін табуда. Мәселен, бүгінгі таңда үш ауысымды мектептерді жою мақсатында Қаскелең қаласындағы Керімбеков атындағы және Көксай ауылындағы Мәметов атындағы орта мектептерге 300 орындық, сондай-ақ, Абай ауылындағы орта мектепке 600 орындық жапсаржай құрылыстары жүргізіліп, пайдалануға берілді. Ал, Әйтей ауылындағы Қосынов атындағы орта мектеп апатты жағдайда болуына байланысты өткен жылы аудан әкімі Жандарбек Далабаевтың қолдауымен 3,5 гектар жер телімі бөлініп, мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында 1200 орындыққа арналған білім ордасы бой көтерді. Аталмыш мектептің құрылысы толық аяқталып, әйтейлік білімгерлер осы оқу жылының екінші тоқсанында жаңа мектепте білімдерін жалғастыратын болады.
Үш ауысымды мектептің қатарын азайту мақсатында қазіргі уақытта Шамалған бекетіндегі Алтынсарин атындағы орта мектебіне 600 орындық жапсаржайдың құрылысы қарқынды жүргізілуде. Жоспар бойынша барлығы іске асса, қолданысқа тапсыру осы жылдың желтоқсан айына көзделіп отыр.
Келешекте үш ауысымды оқу ордаларын қалыпты жағдайға келтіру мақсатында бірнеше ауылдарға мектеп салу жоспарда бар. Ол жайында аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Жарас Қатубаев жан-жақты айтып, түсіндіріп өтті.
Құрылыс саласына жауапты бөлім басшысының мәліметіне сүйенсек, алдағы уақытта Жармұханбет, Алмалыбақ ауылындағы орта мектептерге, Іргелі ауылындағы Толстой мектебіне және Шамалған бекетіндегі қазақ орта мектебіне 600 орындыққа арналған жапсаржай салынатын болады. Ал, Бұлақты мен Долан ауылдарына 2,4-2,5 жер телімі қарастырылып, 600 орынға арналған жаңа мектептердің іргетасы қаланады деген жоспар бар.
Бұл айтылғандардан бөлек, Іргелі ауылдық округіне қарасты 25 мыңнан астам халқы бар Асыл Арман тұрғын үй кешеніне қажетті мектеп мәселесі де бар. Дегенменде, оның да шешімі қарастырылып, қазіргі уақытта жаңа мектептің жобасы әзірленуде.
Ал, жаңа білім ордасы салынып біткенше, әдеттегідей асыл армандық білім алушылар Кемертоған ауылындағы мектепке қатынап оқитын болады. Бұл да уақытша екенін тағы айтқымыз келеді.