Ғалым, ұйымдастырушы

Ғалым, ұйымдастырушы

 Аудан аумағында орналасқан Егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты бас директорының ғылым жөніндегі орынбасары, ауыл шаруашылығы ғылымының кандидаты Шолпан Баста­убаеваны өзінің өмірлік жолын тура таңдаған жан деуге әбден болады.

1995 жылы Қазақ мемлекеттік ауыл шауашылығы институтын жақсы бітірген оған мемлекеттік емти­хан комиссиясы тарапынан В.Р. Вильямс атындағы Қазақ егіншілік ғылыми-зерттеу институтының күндізгі аспирантурасына жолдама беріледі. Жасы­нан мақсатшыл, талапшыл болып өскен Шолпан мұнан кейін, тіпті, қанаттанып кеткендей болып, ғылымның алыс-алыс биіктеріне батыл көз тіге бастайды.

Осылайша 1995-1998 жылдары осы институтта, «Жалпы егіншілік», «Топырақ микробиологиясы» мамандығы бойынша, аспирантурада оқыды.

Өз ісіне тиянақты, жаңашыл, бастамашыл Шолпан Оразқызы мұнан кейін институтта қалдырылып, суармалы егіншілік бөлімінің кіші ғылыми қызметкері, аға ғылыми қызметкері болды. Дәл осында жүріп, топырақтану, микро­биология және егіншілік саласындағы талдамалық жұмыстардың барлық жаңа әдістерін меңгереді. Бұл 1998-2004 жылдардың аралығында еді. Осы орайда 2004-2009 жылдары аталған институттың ғалым хатшысы, ғылыми-әдістемелік секторының меңгерушісі, бас ғалым хатшысы қызметтерін де абыроймен атқарып, құрметке бөленген.

Ал, 2009 жылдан бері, жоғарыда айтқанымыздай, «ҚазЕжӨШҒЗИ» бас директорының орынбасары. Бұл жерде де Шол­пан Оразқызы өткен уақыт ішінде өзінің ілкімділігімен, іскерлігімен және ұйымдастыру-шылық қабілетімен жақсы танылып келеді. Атап айтқанда, институттағы ғылыми, ғылыми-техникалық және өндірістік-шаруашылық қызмет мәселелерін шешуді, іргелі және қолданбалы зерттеулер мен әзірлемелерді іске асыруды ұйымдастыруды жүйелі де сапалы жүргізуде. Бірлескен зерттеулерді жүзеге асыруға отандық және шетелдік серіктестерді іздестіріп табу, ғылыми жобаларды әзірлеу үшін қосымша қаржыландыру жолын табу да – оның міндеті.

Сонымен қатар, ғылыми зерттеулердің атқарылу барысына бақылау жасауға, сондай-ақ, орындалған жұмыстар жөнінде өзге мекемелермен келісім-шарт жасауға және басқа ұйымдарға ғылыми-методикалық көмек көрсетуге де көп көңіл бөледі.

Міне, осындай игі істерімен жақсы танылған ғалым «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы «100 жаңа есім» жобасы бойынша ауданымыздан таңдалған жанның бірі. Ол қазір осы жобаның республикалық деңгейіне өтіп отыр.

Ендеше, белгілі ғалым Шолпан Оразқызына табыс пен жемісті жеңіс тілейміз!

Оставить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Что будем искать? Например,Человек

Мы в социальных сетях