Көлік тізгіндеген жандар үшін тас жолдың талқандалуы қиыншылық соғатыны рас. Сондай мәселелердің бірі – халықаралық жол болып табылатын Алтын Орда базары арқылы өтетін Алматы-Бішкек күре жолы. Әрі-бері осы тас жолдың бойымен өткен жолаушылардың жанайқайынан «құрылыс жұмыстары қашан бітеді, ескі күре жолдың түрі қандай болмақ?» деген сан сауалдарды естіп жататынымыз да белгілі.
Жалпы, тас жолдың құрылыс жұмысы 2017 жылдың қараша айында басталған еді. Ұзындығы 3 шақырым 859 км-ді қамтитын бұл жол бөлігін кеңейтілуі алдағы 2 жыл ішінде ерекше түрге еніп, қазіргі көрінісінен мүлдем өзгеше болмақ. Аталған құрылыстың жоба авторлары жолдың күрделі жөндеу жұмыстары екі кезең бойынша жүзеге асатынын айтып, тұрғындардың сұранысы арқылы кейбір өзгерістер де болып жатқанын алға тартады.
Бірінші кезеңде жобаланып отырған жол бөлігінің құрылыс жұмысы 2020 жылдың шілде айында аяқталу жоспарлануда. Бұл уақыт арасында Алматы қаласының шыға беріс жолы мен Райымбек ауылдық округі арасындағы Алтын орда базарының басы мен соңын 16-19 км-ге қамтылған тас жолдың жөнделуі көзделіп отыр. Бұл аралықта алдымен автокөліктерге арналған қарама-қарсы бағытта бес-бестен он жолақты жолдар жасалынатын болады. Ондағы бес жолақтың екеуі, еш бұрылысты қажет етпейтін транзиттік жол ағымына арналған. Қалған екі жолағы жергілікті жүру жолдарына лайықты етіліп жасалынбақ. Яғни, бұл жолдар арқылы жан-жаққа бұрылып, өз бағытыңызбен кете берсеңіз болады. Аталған транзиттік пен жергілікті жол жүру жолдарының арасын 0,5 (жарты) метрлі қауіпсіз жолағы бөліп тұрады. Сондай-ақ, 5 жолақтың соңғы, әрі шеткісі тек қоғамдық көліктерге арналатындай болып салынбақ. Осындай қарама-қарсы бағыттағы екінші 5 жолақ та дәл осы типте болады.
Бұл аталған жол жолақтарынан бөлек І кезең бойынша жаяу жүргіншілерге арналған 3 аспалы көпір орнатылады. Олар Апорт сауда орталығының, Асыл арман тұрғын үй кешенінің және Алтын Орда базарының тұстарында тұрғызылады. Сонымен қатар, көліктердің кері бағытта бұрылуын ескерген жоба авторлары Алматы қаласынан шыға берістегі жол басында аспалы темір бетон эстакадасын орнатуды жобалап отыр. Оның құрылыс жұмысы қазіргі таңда жүріп жатыр. Одан бері қарай Абай және Қонаев көшелерінің қиылысуында шеңберлі жол да ескерілген. Ал, оның үстінен 597 метрлі транзитті жол ағымына арналған екі-екіден төрт жолақты аспалы темір бетон эстакадасы орнатылатын болады.
Көпшілік үшін Алтын орда базарының аспалы жер үсті көпірі таныс екені рас. Дәл осы жаяу жүргіншілер өтетін көпір қайта жаңартылып, 70 метр қашықтықпен Қаскелең қаласына қарай жылжитын болады. Ол, әрине, алдымен Апорт сауда орталығының бойындағы аспалы көпір аяқталғаннан кейін жүзеге асатын болады.
Жалпы, құрылыс жұмыстары басталғаннан бері күнделікті өтіп жүрген тас жолдың бүлініп, ойқыш-ойқыш шұңқырлардың пайда болуына тұрғындар тарапынан наразылық көп туындауда. Осы сұрақтарға қатысты, әрі жолдың толық жұмыс процесінің жүруін компанияның бас мердігері жолдың тегістелуі кешегі күннен бастап қолға алынғанын алға тартады.
Тас жолдың жөндеу жұмыстарына байланысты ІІ кезеңі 2019 жылдың 1 тоқсанынан бастап, 2020 жылдың қыркүйек айлары аралығына жобаланып отыр. Бұл аралықта транзиттік жолды кеңейту мақсатында қарама-қарсы бағыттағы төрт-төрттен 8 жолақ жол ағымын жасайды. Оның барлық жолағынан 8 автокөлік қатар жүре алады. Сондай-ақ, Алматы облысы әкімі Амандық Баталовтың ұйғарымымен ІІ кезеңге жаңа жоба құрылысы енгізілді. Оның бірі — Асыл Арман тұрғын үй кешенінен қалаға қарай бұрылуға арналған екі жолақты аспалы темір бетон эстакадасын тұрғызу, екіншісі — Райымбек ауылының тұсында жолаушыларға арналған жер үсті көпірін орнату.
Бұл аталғандардан бөлек, келешекте қарасай ауданының қаржы қоры есебінен Құмтоған, Алмалыбақ ауылдары мен Үшқоңыр автобекетінің тұсында аспалы жер үсті көпірін орнату жоспарда бар. Қазіргі уақытта аталған жұмыстың жобалық смета құжаттамасы дайындалу үстінде.