«АЛТЫН ОРДА» ЖАҚТАҒЫ ЖОЛ 50 КҮНДЕ БІТЕДІ

«АЛТЫН ОРДА» ЖАҚТАҒЫ ЖОЛ 50 КҮНДЕ БІТЕДІ

«Алматы – Бішкек» тас жолының бойындағы жөндеу жұмыстары жыл соңына дейін аяқталатыны белгілі болды, деп хабарлайды Karasayinfo.kz желілік басылымы.

«Алтын орда» базары маңындағы жол құрылысының жай-күйі көлік жүргізушілердің де, осы маңда тұратын тұрғындарды да әбден шаршатқаны жасырын емес. Тас жолдың бойындағы жөндеу жұмыстары 2017 жылы басталғаны белгілі. Ал, ауқымды жұмыстың жақын уақытта аяқталуы көпшіліктің күмәніне айналды. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы тапсырмасымен бірнеше жылға созылған бұл құрылыс биыл аяқталуы тиіс. Оның нақты екені бүгін тағы да айтылды. Бұл жайында Қарасай ауданына арнайы іс-сапармен келген ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Қамалиев жан-жақты түсіндіріп, республикалық маңызы бар жобаның жіті қадағалауда екенін нақты жеткізді.

Дәл құрылыстың маңына арнайы келген вице-министр Берік Сайлауұлымен бұл басқосуға Қарасай ауданының әкімі Жандарбек Далабаев, «QazAvtoJol» ҰҚ» АҚ-ның басқарма төрағасы Асқар Мұратұлы және аталмыш басқарманың Алматы облысы бойынша филиалы мен құрылысқа жауапты «СП «Сине Мидас Строй» ЖШС-нің өкілдері қатысты.

Вице-министр Берік Қамалиев алдымен Алматы қаласы мен Қарасай ауданының аумағында орналасқан бірқатар жол жөндеу жұмыстарына қатысты жобалармен танысты. Одан кейін «Алтын орда» базары маңындағы құрылысқа кеңінен тоқталып, БАҚ өкілдерінің бірқатар өзекті сұрақтарына жауап берді.

– «Алматы – Бішкек» тас жолының бойындағы жөндеу жұмыстары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының арнайы тапсырмасымен биыл бітуі тиіс. Бұрын бұл жобаға «ДәулетДорСтрой» ЖШС жауапты болған еді. Олардың жұмыс қарқыны қатты байқалмағандықтан, келісімшартты бұзып, «СП «Сине Мидас Строй» ЖШС-мен келісімге келдік. Қазіргі уақытта құрылыстың 90%-ы аяқталған. Қараша айының басында тас жолдың бойындағы 10 жолақ толығымен бітеді. Бүгін, міне, қыркүйектің 10-ы. Осы айдың алдағы 20 күні мен қазан айын қосқанда, 50 күнде құрылыс аяқталады, – деді ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Сайлауұлы.

Вице-министр Б.Қамалиевтің сөзіне сүйенсек, жыл соңында жөндеу жұмыстары толығымен аяқталып, пайдалануға беріледі. Одан кейін тас жолдың бойына тиісті жол белгілері орнатылатын болады.

 

Оставить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Что будем искать? Например,Человек

Мы в социальных сетях