Жақында, Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек халық алдына шығып берген есебінде көп балалы әлеуметтік аз қамтылған отбасыларды қолдау үшін «Бақытты отбасы» деп аталатын арнайы бағдарлама жүзеге асатынын айтқан деп хабарлайды Karasayinfo.kz желілік басылымы Хабар 24 ақпараттық порталына сілтеме жасап.
Бүгінгі таңда оңтүстік астанада 14500 көпбалалы отбасы тіркелген, оның үштен бірі, яғни 5561-і әлеуметтік аз қамтылғандар. Енді аталмыш бағдарлама аясында олардың үздік білім алушыларына степендия тағайындалып, университет пен колледж студенттеріне 10 мың, мектеп оқушыларына 5 мың теңгеден төленеді. Тағы бір көмек – көп балалы отбасының бүлдіршіндеріне бала-бақша тегін болады. Жеңілдік түрі екінші баладан кейін қарастырылады. Жүзеге асырылатын тағы бір бастама, әлеуметтік тұрғын үй мәселесі. Бұл жайында қала басшысы:
– Бүгінгі күні кезекте көбісі тіпті алғашқы жарнаны төлей алмайтын 1276 көп балалы және жалғызбасты отбасы тұр. Бұл санаттағы тұрғындарды жалпы кезектен бөліп алып, жеке көмектесетін боламыз. Яғни, алғашқы жарна пәтер құнының 10%-тін құрайды, несие 2%-пен 18 жылға берілетін болады. Ал, алғашқы жарнаны төлеу үшін 1 млн теңге сомасында тұрғын үй сертификатын қала бюджеті есебінен бермекпіз, – деп алда ауқымды шаралардың атқарылатын жеткізді.
Нақты айтқанда, барлығы 1276 отбасыға осындай пәтер алу үшін шаһар бюджетінен 12 млрд теңге қажет екен. Сондықтан Елбасы тапсырмасына сәйкес, мәслихат депутаттары қала бюджетін қайта қарап, басымдыққа ие емес шығындар, бірқатар нысандар құрылысы, көшелерді көгалдандыру сияқты жұмыстар қысқартылмақ. Сондай-ақ, осы уақытқа дейін мемлекеттік сатып алуды жариялы түрде жүргізу есебінен шығындар едәуір азайтылып, 6 миллиард теңгеге жуық қаражат үнемделіп үлгерген.