Алматыда 30 шақты қонақ шақырып, үйінің ауласына той жасаған тұрғын анықталды, деп хабарлайды karasayinfo.kz желілік басылымы ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап.
Салтанатты шара қаланың Наурызбай ауданында болған.
«Той тез арада тарқады. Үй иелеріне жағдай түсіндіріліп, тиісті нұсқау берілді» — деп мәлім етті қала әкімдігі. Мониторинг тобы мен полицейлер той жасаған үйге арнайы бас сұққан.
«Түсінгеніміз, неке қиятын бөлім үй иелеріне дұрыс түсіндірмеген. Яғни, өз туыстарыңыздың арасында 30 адамға дейін тойлап, атап өтуге болады деп айтқан. Біз қазір «Ақжар» шағынауданында той болған үйдің жанында тұрмыз» — деп хабарлады Наурызбай ауданы тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы мамандары.
Еске сала кетейік, бүгін Алматы әкімдігі карантин шарасын бұзғандар туралы хабарлауды өтінген болатын. Қала билігі карантинді бұзған кәсіпкерлік нысандарынан бөлек, той жасап, көпшіліктің басын қосқандардың да мәселесін қарастырмақ.
Айта кетейік, 2 шілде күні ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Мемлекеттік комиссия отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес Қазақстандағы эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыру шаралары қаралған болатын. Осы кеңесте мемкомиссия 5 шілдеден бастап 14 күнге қатаң шектеу шараларын енгізу жөнінде шешім қабылдады. 14 күнге созылатын карантин барысында ҚР Бас мемлекеттік санитар дәрігерінің қаулысына сәйкес, елдер тізімін көбейтпей, халықаралық әуе қатынасы сақталатын болды. Өңірлер арасындағы әуе қатынасы, темір жол қатынасы сақталғанымен, нақты шектеу шаралары қолданылады. Өңірлер арасындағы жолаушылар автобусы қатынасы уақытша тоқтатылды. Қала ішіндегі қоғамдық көліктің жұмысына да уақыт бойынша шектеу енгізілді. Мәселен, бүгіннен бастап елордада алдағы 2 аптаға қоғамдық көлік қозғалысы тоқтатылады .