Облыста жүзеге асырылып жатқан «Алматы облысының цифрлық көшірмесі» жобасының негізгі мақсаты – халық пен билік арасындағы ашықтықты қамтамасыз ету. Бүгінде аталған жоба барлық саланы қамтып, толық жетілдірілуде. Бұл жайында Өңірлік коммуникация қызметінде өткен баспасөз мәслихатында мамандар айтып өтті, – деп хабарлайды Naqty.kz желілік басылымы.
Аталмыш цифрлық көшірмеде облыстағы нысан атаулары, ғимараттың салынған жылы және соңғы жүргізілген күрделі жөндеу жұмыстарының уақыты, мекен-жайы, ғимараттың жалпы ауданы, халық саны сынды өңірлік перспективалық деректер енгізілген. Аңығырақ айтқанда, бұл көшірмеде нысанның атауынан бөлек, сондай-ақ оған жұмсалатын қаржы, қолданысқа берілетін уақыты пен құрылысқа жауапты мердігер компания туралы барлық мәлімет берілген.
Бүгінгі таңда көшірмеде 1148 мектепке дейінгі білім және 471 орта білім беру ұйымдарының тізімі бар. Сонымен қатар техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары бойынша 22 мемлекеттік колледж бойынша ақпарат алуға болады.
– «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы шеңберінде бой көтеруі тиіс 53 білім беру ошағы жайлы және екі ауысымдық мектептер туралы толыққанды мәліметтер цифрлық көшірмеде көрсетілген, – дейді Алматы облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлжан Елубаева.
Ал, денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Лейла Пернебайқызы цифрлық көшірмеде 349 медициналық нысан бойынша деректер енгізіліп, әрдайым жаңартылып тұратынын айтып өтті.