Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметіне сүйенсек, бүгінде Алматы облысындағы гидрометеорологиялық жағдай тұрақты, – деп хабарлайды Naqty.kz желілік басылымы.
Жалпы жыл сайын көктем мезгілі келген сайын облыста су басудың қатерінен сақтану жұмыстары белсенді түрде жүргізіліп отырады. Осы жұмыстарға жауапты қызметтер су қоймаларына жүйелі түрде бақылау жүргізуде. Бүгінде облыстағы штаттық режимде жұмыс істеп тұрған су қоймаларының сыйымдылығы 97 пайызға жеткен.
Мамандардың айтуынша, облыста су тасқыны болуы мүмкін деген қауіпі жоқ. Себебі жылдағыдай жоспарға сай, облыста «2024 жылғы су тасқыны қаупі бар кезеңге дайындық» айлығы барысында бірқатар жұмыстар атқарылған. Нақтырақ айтқанда, өңірдегі елдімекендерден 3,7 мың текше метр қар шығарылып, 347 шақырым арық пен 156,9 км арналар, 157 су өткізу құбырлары мен 82,1 шақырым су бұру каналдары тазартылған. Бұдан бөлек, «Көктем-2024» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы аясында су тасқыны қаупі бар 6 учаскеде 1,8 шақырым арықтар, 35 автожолдар астындағы су өткізу құбырлары тазартылып, 150 мың текше метр қар тазаланды.
Алматы облыстық Төтенше жағдайлар департаменті төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Дәурен Азаматовтың айтуынша, өңірдегі 310 су қоймасының 300-і қалыпты режимде жұмыс істеп тұр.
– «Қазіргі таңда Балқаш-Алакөл бассейндік инспекциясы облыстың «Қапшағай», «Күрті», «Бартоғай» және «Бестөбе» сияқты ірі су қоймаларын толтыру жұмыстарын қалыпты режимде атқарып жатыр. Су деңгейі арнасынан асқан жоқ», – деді Дәурен Азаматов.
Мұнан бөлек департамент өкілі таяуда болған Іле ауданы Байкент ауылында Ворошилов су қоймасындағы бөгетін бұзылғандығы туралы да айтып өтті. Оның сөзіне сенсек, қауіптің алдын алу жұмыстары толық атқарылды, ешкім зардап шекпеген. Бұған қоса Ворошилов су қоймасы бөгетінің бұзылуы бойынша прокуратура ҚР Қылмыстық кодексінің 371 бабымен «салғырттық» бойынша қылмыстық іс қозғалған. Қазіргі таңда іс сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне процессуалдық шешім қабылдау үшін жіберілген.
Су қызыл денгейден асып, төтенше жағдай орын алу қаупі туындаса бүгінде облыста халыққа көмек көрсетуге 471 техника, 126 мотопомпа, 29 жүзу құралы мен 1326 адам жұмылдырылады. Сонымен қатар, су тасқыны қаупі төнген жағдайда облыстың азаматтық қорғау қызметтерінің күштері мен құралдарынан арнайы топ қол ұшын беруге әзір.