Облыс орталығы Талдықорған қаласындағы тұрғын үйдің бірінде газ баллоны жарылды, деп хабарлайды Karasayinfo.kz желілік басылымы облыстық ТЖМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ведомство мәліметінше, оқиға 26 қарашада сағат 20:00 шамасында болған. Алматы облысы ТЖД кезекші пультіне Талдықорған қаласының Еркін ауылы, Қазақстан көшесінің бойындағы жеке тұрғын үйлердің бірінде шағын газ баллоны (сыйымдылығы 5 литр) жарылды деген хабарлама түскен. Жарылыс салдарынан 8 адам, оның ішінде үш бала зардап шекті. Олардың бәрі медициналық мекемелерге жеткізілді.
– Алдын ала болжам бойынша, тұрмыстық газ баллонын жылыту үшін пештің жанына қою жарылысқа себеп болған, – дейді ТЖМ ресми өкілі Талғат Уәли.
Оқиға орнында Алматы облысы ТЖД 28 қызметкері, 8 техникасы, 8 жедел жәрдем бригадасы, полиция, газ қызметі және жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері жұмыс істеді. Сондай-ақ, зардап шегушілердің туыстарына психологиялық көмек көрсету үшін Алматы облысы ТЖД-ның екі психологы жұмылдырылды.