Таяуда «Индустрияландыру картасы» жобаларының жүзеге асырылу барысымен танысуды мақсатында индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов Алматы облысына жұмыс сапарымен келіп, облыс әкімі Амандық Баталовпен бірге Қапшағай, Талдықорған қалаларындағы бірқатар өнеркәсіп орындарын аралады, деп хабарлайды karasayinfo.kz желілік басылымы Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ресми қонақтар алдымен Қапшағай қаласындағы «Арна» индустриалды аймағында осыдан екі жыл бұрын ашылған «Маревен Фуд Тянь-Шань» зауытына барды. Онда зауыттағы өнім дайындау процестерін көріп, зауыттың мүмкіндіктерімен танысты. Зауыт директоры Бернард Вавржиннің айтуынша, мұнда инновациялық құрылғыларға басымдық беріліп, Швейцария, Жапония, Германияның азық-түлік өндірісіндегі әлем бойынша көшбасшы саналатын ең озық жоғары технологиялар орнатылған. 15,4 млрд. теңге инвестиция тарту арқылы жүзеге асырылған бұл жоба бүгінде экспортқа бағытталған облыстағы іргелі зауыттардың бірі. Өнімінің басым бөлігін Орта Азия елдеріне экспортқа шығарып отыр. Мұнда тез дайындалатын сорпалар, сусындар және басқа да азық-түлік өнімдерінің 60-тан астам түрі өндіріледі. Осы жылдың 9 айында зауыт 8,3 млрд. теңгенің өнімін шығарып үлгерген. Кәсіпорын 500 адамды жұмыспен қамтып отыр.
Ведомство басшысы қаладағы күн электр стансасының да жұмысына қызығушылық танытты. «Eneverse Kunkuat» ЖШС-ның қуаты 100 МВт Nurgisa күн электр стансасы өткен жылы іске қосылған болатын. Жоба құрылтайшысы Болат Абилов мұнда 303 мыңдай панель қойылғанын айтты. Өңірдің ауа райын біраз уақыт бақылағаннан кейін күн сәулесінің түсуі жағынан тиімді орын ретінде Қапшағайдың осы аймағы таңдалған. Бұл жобаға бүгінге дейін 30 млрд. теңге инвестиция тартылған. Жылына 160 млн. кВт/сағ. өндіруге электр энергиясын қуаты жетеді. Осы тұста облыс әкімі Амандық Ғаббасұлы осы күн электр сансасының еліміздің оңтүстік өңірлеріндегі электр қуатының жетіспеушілігін жабуға да елеулі үлес қосатынын айтып өтті. Сонымен қатар, қонақтар компьютерлік бақылауды жүзеге асырып отырған оператор мамандармен тілдесіп, жұмыс жағдайын, жұмысшыларға жасалған мүмкіндіктер туралы сұрап білді.
Мұнан соң ведомство басшысы Талдықорғанға бет алып, алдымен «Талдықорған» индустриалды аймағындағы «Жетысу Мажико» Агрокешені ЖШС-ның майлы дақылдар өңдейтін зауытыменде танысып қайтты. Кәсіпорынның бас директоры Элизбар Скокбаеваның айтуынша, жобаның қуаттылығы тәулігіне 500 тонна майлы дақылдар өңдеуге қауқарлы. Кәсіпорын алынатын өнімнің сапасын жақсарту үшін дәнді дақылдарды өңдегенде германдық құрал-жабдықтардың көмегімен экономикалық та, экологиялық та жағынан тиімді болып саналатын экструзиялық технологияға жүгінеді. Бұл шикізатты қалдықсыз өңдеуге, қоршаған ортаға зиян тигізбеуге зор ықпал етуде. Жобаны іске асыруға 5,8 млрд. теңге инвестиция тартылған.
Сапарының бірінші күнін қорытындылаған Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов:
– Алматы облысы Индустрияландыру картасы жобаларын іске асыруда алғашқы үштікке кіреді. Мұнда жаңа өнеркәсіптер ашылып, жаңа өнім түрлері шығарылып, жаңа жұмыс орындары ашылып жатыр. Оған сапар барысында көз жеткізіп отырмыз. Біздің ең басты мақсатымыз өз елімізді керекті өніммен қамтамасыз ету, содан кейін экспортқа шығару. Индустрияландыру картасының да басты мақсаты сол, – деді.
Жалпы Алматы облысында Индустрияландыру картасы аясында биыл 12 жоба іске қосылуда. Оның жалпы сомасы 104,1 млрд. теңге және онда 2,5 мыңдай жаңа жұмыс орындары ашылу қарастырылған. Сол 12 жобаның 3-еуі жыл басынан бері іске асырылса, соның біреуі осы – «Жетісу Мажико». Қалған 9-ы жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Оған қоса Алматы облысында биылғы жылдың сегіз айында тартылған инвестиция көлемі 348,6 млрд. теңгеге жетті, бұл өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 112,5 %. Ал, өңірде сегіз айда өндірілген өнеркәсіп өнімінің көлемі 746,3 млрд. теңгені құрап отыр, нақты көлем индексі 2019 жылдың осы мерзімімен алғанда 101,4 %.