Өткен аптаның жексенбісі күні Жандосов ауылдық округінде әкімнің сайлауы болған еді. Нәтижесінде халықтың сеніміне 2022 жылдан бері аталған округті басқарып келген Алмас Жамбауов ие болып, жеңіске жетті. Осыған орай бүгін аудан әкімінің орынбасары Бексұлтан Ақылбек Жандосов округіне арнайы барып, қайта тағайындалған әкімге қолдау білдіріп, алдағы жұмысына сәттілік тіледі, – деп хабарлайды Naqty.kz желілік басылымы.
Айта кетейік, Жамбауов Алмас Ғалымжанұлы 1992 жылы қазан айының үші күні Алматы облысына қарасты Еңбекшіқазақ ауданындағы Жанашар ауылында дүниеге келген. 2010 жылы Қаскелең қаласындағы С.Керімбеков атындағы орта мектепті аяқтап, Алматы қаласында орналасқан әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне оқуға түседі. 2014 жылы аталған білім ордасын «құқықтану» мамандығы бойынша бітіріп шығады. Сол жылы оқуын әрі қарай жалғастырып, 2015 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің магистратурасын «құқықтану» мамандығы бойынша тәмамдады.
Еңбек жолын 2017 жылы Жандосов ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы ретінде бастаған. 2019 жылдың маусым айынан бастап 2022 жылға дейін Жібек жолы ауылдық округі әкімі аппаратында әкімнің орынбасары болып жұмыс істеді. Ал 2022 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін Жандосов ауылдық округінің әкімі қызметін атқарды.
