Алматы облысының әкімі болып жақында ғана тағайындалған Марат Сұлтанғазиев облысқа қарасты өңірлерді аралауын бастап кетті. Бүгін ол Қарасай жеріне арнайы келді, деп хабарлайды Naqty.kz.
Облыс басшысы Марат Елеусізұлының халықпен кездесуі аудандық Мәдениет үйінде өтті. Жиынға келген тұрғындардың көп болғаны соншалық, үлкен залға сыймағандар ғимараттың фойесінде LED-экран арқылы облыс әкімінің баяндамасын тыңдады. Одан кейін облыс әкімі қарасайлықтардың 30-дан астам сұрақтарына жауап беріп, ұсыныстарын ескерді.
Өңір басшысы Марат Сұлтанғазиев осы уақытқа дейін облыс көлемінде атқарылған шаруаларға шолу жасады. Бұл жұмыстардың ішінде Қарасай ауданының рөлі зор екенін айтып, ауданда жүзеге асқан жұмыстарға оң бағасын берді. Десе де шешілмей жатқан мәселелер бар екенін тілге тиек етіп, оны халықтың өз аузынан естуді жөн санады. Қарасайлықтардың тарапынан қойылған алғашқы сұрақтың бірі «Өнер» мектебіне қатысты болды. Бұл жайлы Қаскелең қаласының тұрғыны Әмина Абдраманова сауал жолдап, оның қашан салынатынын сұрады. Облыс басшысы көтерілген мәселе өте орынды, оны қарастыру керек деп жатқанда, аудан әкімі Жандарбек Далабаев осы сауалға бірден жауабын берді.
Жиын барысында көптің қолдауына ие болып, талқыланған сұрақтың ішінде Жаңатұрмыс ауылындағы қоқыс жинау, ауыз сумен қамтамасыз ету сияқты мәселелер назарға ілінді. Жиында Алмалыбақ ауылындағы жалғыз саябақтың жағдайы да айтылды. Ауылдастардың атынан сөйлеген Зәуре Ешмұхамбетованың сөзіне сүйенсек, бұл демалыс орнына Мәдениет үйі салынбақшы. Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев Алмалыбақтардың жан-айқайын түсініп, саябақты сақтайтынын жеткізіп, жиындағы осы ауылдың тұрғындарын қуантып тастады. Сондай-ақ ол өз сөзінде Мәдениет үйін басқа жерде салатынын бірден айтты.
Облыс әкімімен өткен кездесу соңында Марат Елеусізұлы Жандардек Далабаевқа сахна төріне шақырып, өзінің атынан Құрмет грамотасын табыстап, атқарған еңбегіне зор алғыс білдірді. Қарасай жұртшылығы да айтылған мақтауларға қосылып, ризашылықтарын жеткізіп жатты.