Алаш арыстарының идеяларын мектеп форматына трансформациялау мақсатында бүгін Қаскелең қаласындағы В.Белинский атындағы орта мектепте аудандық білім бөлімі мен «Ұлттық құндылықтар Академиясының» арасында жасалған меморандумның іс-шаралар жоспарына сәйкес, «Жаңа қазақ зиялылары: ар-намыс, ұлттық мүдде, талап, еңбек, терең ой» атты облыстық форум өтті, деп хабарлайды Naqty.kz желілік басылымы.
Аталған білім ошағы ұжымының ұтымды ұйымдастырған шарасына аудан аумағындағы мектептердің басшылары мен олардың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, ана-аналар қауымы, мұғалімдер, жалпы алғанда 200-ден астам адам қатысты. Сонымен қатар, тағылымға толы форумды онлайн форматта 4000-ға жуық ұстаздар қауымы тамашалады.
Шараға қатысушылар алдымен «Жаңа қазақ зиялылары» деп аталған көрмені тамашалап, мектептің акт залында бас қосты. Мұнда форумның ашылу салтанаты өтіп, мектеп оқушылары әдеби-тарихи қойылымды сахналады. Бұл ретте Белинский мектебінің бірлескен еңбегінің нәтижесі көрініп, балалардың актерлік қырлары сәтті шыққаны байқалды.
Әсерлі сахна көрінісінен кейін спикерлер өзекті тақырыптың айналасында ой бөлісті. Құрметті қонақтардың қатарында сарапшы ретінде ардагер-ұстаз Ұлтусын Бархинова қатысса, аудандық білім бөлімінің басшысы Әсел Еркімбаева, профессор Берікжан Әлмұхамбетов, белгілі меценат Дулат Тастекеев сынды басқа да арнайы шақырылған меймандар спикер ретінде сөз сөйледі. Олардың әрбірі ұлттық рухты көтеруге қатысты пікірлерін ортаға салды. Сондай-ақ саналы ұрпақ тәрбиелеу жолында оқу бағдарламасынан бөлек, тарихта аты қалған қазақ зиялылалырының өнегелерін қосымша үйрету керектігін алға тартты.
Форум аясында шеберлік сабақтар көрсетіліп, спикерлердің шараға қатысты талқылау пікір алмасуы болды.