Қазақ елінің атын дүйім жұртқа таныту – баршамызға парыз. Осындай борышты серік еткен біздің елдің спорт саңлақтары мен өнер әлемінің майталмандары жетіп артылады. Солардың бірі – бадминтоннан ҚР Спорт шебері Дидар Есбергенов. Ол мүмкіндігі шектеулі жандардан команда жасақтап, Параалипиадалық ойындарда жүлделі орындарға ие болып жүр. Қазір Дидар осы жылдың қазан айының 28 мен 5 қараша аралығанда Малайзия елінде өтетін Азия чемпионатына дайындық үстінде.
Осы орайда, аптаның жұмасында қаламыздың мәдениет үйінде «Үшқоңыр» фольклорлық-этнографиялық ән-би ансамблі спортшымыз Дидарға аз да болса көмек қолын көрсетейік деген ниетпен қайырымдылық концертін өткізді. Мерекелік шараға қоғам қайраткері Болат Әбішұлы, аудан әкімі Жандарбек Далабаев пен орынбасары Айжан Назарбаева қатысты. Сондай-ақ, құрметті көрермендер қатарында тиісті бөлім басшылары мен қалалық, округтік әкімдер, мектеп директорлары болды.
Аудан басшысы алғаш болып сөз сөйлеп, бадминтонның хас шебері Дидар Есбергеновке қайырымдылық кештен жиналған қаржыны өз қолымен табастап, алдағы жарыста жеңіспен оралуына тілектес екенін білдірді . Осындай ізгі тілектен кейін сахна жұлдыздарының өнерлері қалың көпшілікке тарту етілді.