Қаламды серік еткісі келетін жас өрен

Қаламды серік еткісі келетін жас өрен

Қаскелеңдік өнерді де талапты Батыржанның арманы қаламгер иелерінің қатарына қосылып, келешекте әлемге әйгілі журналист болу. Аталмыш мамандық иелерінің төл мерекесі қарсаңында болашақ арманына жету мақсатында кішкентай кезінен бері қадамдар жасап келе жатқан Батыржан жайлы айтып өтуді жөн көрдік. Ол туралы толығырақ karasayinfo.kz желілік басылымында.

Абайдың, Мұқағалидың туындыларын оқуды ұнататын Батыржан бала кезінен, нақтырақ айтқанда, 10 жасынан бері қолына қалам ұстап, өлең жазып келеді. Бүгінде жарыққа шыққандары да бар талапкер ақын көбінесе өлеңдерін бастапқы кездері табиғат, адам, заман өзгерістері жайлы жазса, бүгінде көбінесе махаббат тақырыбында жазады екен.

8 сынып оқып жүрген кішкентай ұлының талпынысын көрген анасы Данила оны аудан орталығы Қаскелең қаласындағы Өнер мектебіне, алғашында әкесі сияқты суретші болсын деп, сурет, онан кейін пианино үйірмесіне береді. Бала кезінен өлең жазып келе жатқан Батыржан пианино сабағына үлкен қызығушылықпен қатысып, кейіннен жазғандарын нота бетіне түсіре бастайды. Содан соң гитара ойнауды да үйреніп, вокал сабақтарына да қатысады. Бүгінде ол ән жазумен де айналысады. Әндерін тек қазақ тілінде ғана емес, сондай-ақ, орыс тілінде де жазады екен. Осы уақытқа дейін туындылары газет-журналдардың бетіне шығып, көптеген сайыстарда жүлделі орындар алып та үлгеріпті. Мәселен, ол таяуда жас ақындар сайысына қатысып, онда қазіргі таңдағы елімізде болып жатқан бірқатар мәселелер туралы жазған өлеңдерінің бірі «Заман мұңын» оқып, 2-орынды иеленді. Сондай-ақ, Adebi.kz сайты жас талаптылардың арасында ұйымдастырған жалпыреспубликалық байқауда да өзінің жазу қабілетінің арқасында бірінші орынды жеңіп алды.

«Талапты бала бәрінде де талапты» деген сөз тура Батыржан туралы айтылған секілді. Себебі, ол ақындық өнерін ғана дамытпай, сондай-ақ, білімін де жетілдіріп тұруды ұмытпайды екен. Мектебінде әрқашан озаттардың қатарында жүріп, өзі оқып жүрген білім ордасының атын түрлі деңгейлердегі сайыстарда шығарған. Биыл ол мектепті өзі ойлағандай үздіктер қатарында аяқтап, жоғарғы оқу орнына түсуге дайындалуда. Батыржан болашақ оқу орны ретінде еліміздегі ең үздік білім ордасы болып саналатын ҚазҰУ-ды, ал, мамандығы ретінде ең ежелгі мамандықтардың бірі болып саналатын қиындығы мен қызығы мол журналистика саласын таңдаған.

Сондай-ақ, әңгіме барысында мамандығын тандап, оған алғашқы қадамдарын да жасап үлгерген Батыржан болашақта журналистика саласында үлкен жетісттіктерге жетіп, сондай-ақ, өлең жазуды ұмытпай, көптеген әйгілі туындыларды өмірге алып келіп, еліміздің өнер саласына үлкен үлесін қосқысы келетіндігін жеткізді.

«Жігітке жеті өнер де аз» демекші, бойына көптеген өнерді жинап үлгерген кейіпкерімізге қанаты талмай, алдыға қойған мақсаттарына жетіп, қаламы ұшталып, болашақта еліміздің танымал журналист-қаламгеріне айналуына тілектестігімізді білдіреміз!

Оставить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Что будем искать? Например,Человек

Мы в социальных сетях