Алқа мәжілісі: талап қатаң, тәртіп күшті болуы керек

Алқа мәжілісі: талап қатаң, тәртіп күшті болуы керек

Бүгін аудан әкімдігінде өткен алқа мәжілісінде Қарасай ауданының осы жылдың І тоқсанындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары сараланып, алдағы күндерге белгіленген міндеттері кеңінен сөз болды. Оған төрағалық етіп отырған аудан басшысы Махаббат Бигелдиев қашанда ең алдымен тәртіп, әр істе тиянақтылық пен жауапкершілік, адалдық пен адамгершілік жоғары болу керектігін баса айтып, кез келген жұмыстың тиісті уақытында атқарылып, қандайда бір бөлінген қаржыны мақсатты игеруде ешқандай салғырттық болмауы қажеттігін қатаң ескертті.

Алдымен, күн тәртібіне қойылған мәселе бойынша аудан әкімінің орынбасары Нұрсұлтан Жұмәділ ортаға шығып, баяндама жасады. Баяндамашының берген мәліметтеріне сүйенсек, аудан экономикасының негізін құрайтын ауыл шаруашылығында да, өнеркәсіпте де, өзге де салаларда да ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктеріміз баршылық. Алайда, осы көрсеткіштерді көтере түсу үшін кездескен кейбір кемшіліктер мен кедергілерді жою қажеттігіне назар аударылды.

Мысалға, өнеркәсіп өндірісінің көлемі 42 млрд. 737,3 млн. теңгені құраған.  Бұл көрсеткіш өткен жылы  39 млрд. 223,9 млн. теңге болған. Аудан Алматы облысы өнеркәсіп өндірісінің 28,4 % үлесін орындады. 1-тоқсанның қорытындысы бойынша бюджеттік төлемдер түсімі  2 млрд. 998 млн. теңге. Былтырғы жылдың осы мерзімімен салыстырғанда ол 1,2 млрд. теңгеге көбейген. Шағын және орта кәсіпкерліктің өндіріс өнімдерінің көлемі 88,9% десек, бұл ретте, Жамбыл округі — 85,1%, Үшқоңыр округі —  85,2%, Ұмтыл округі —  85,3%, Жандосов округі — 85,4 % жоспардан шықпаған. Негізгі капиталға инвестицияның тартылуы да салыстырмалы кезеңмен қатар алып қарағанда 4,2 млрд. теңгеге артып,  21,3 млрд. теңге болған. Алайда, бұл бағыт аудан бойынша орындалғанымен, Жаңашамалған, Жандосов,  Елтай, Әйтей,  Бірінші Май, Ұмтыл ауылдық округтері жоспар үдесінен шыға алмаған. Сонымен қатар, бюджетке  түсетін салықтар мен басқа да міндетті төлемдер 7,0  млрд.  теңгені құрап,  жоспар 115,3 %  орындалды.

Жалпы, 2017 жылдың жоспарына 1897 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген болса, бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша, оның 319-ы ашылған.  Алайда, Әйтей және Бірінші май ауылдық  округтері бұл істе басымдық байқата алмаған. Аудан әкімінің орынбасары бұдан бөлек, қала, ауылдық округ әкімдіктерінің өзіндік қосалқы шаруашылығын жүргізу үшін 5 жылға жалға берілген жер телімдерінің  мерзімі өткендіктен пайдаланылмай жатқанын, оларды қайтару бойынша жұмыстар жүргізілмейтінін де атап айтты. Өз кезегінде аудан әкімі аталған кемшіліктерді қысқа мерзім ішінде түзетуді тапсырып, орынбасарларына қатаң қадағалауды жүктеді. Мұнан кейін аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы А.Марат пен ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы С.Жарқымбаев та сөз сөйлеп, өз салалары бойынша атқарылған жұмыстарды алға тартты.

Барлығын мұқият тыңдаған Махаббат Садуақасұлы күнделікті жоспарға енген шаралардан бөлек, әлі де жаңа қарқын мен іскерлік, тың серпін қажеттігін ескертті. Өкінішке орай, қаржысы бөлініп қойса да, әлі де қолға алынбаған жобалар барын жоққа шығара алмаймыз. Осыған қатысты нақты шараларды жедел түрде қолға алып, есеп беру аудан әкімінің орынбасарларына жүктелді.

Аудан активі түгелдей қатысып отырған алқа мәжілісінің соңынан тиісті қаулы қабылданды.

Оставить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Что будем искать? Например,Человек

Мы в социальных сетях