Сәуір айында бастау алған «Тіл тазалығын сақтайық!» акциясы ауданымызда өз жалғасын табуда. Жергілікті тұрғындардың қазақ тіліне деген құрметін көтеру, мемлекеттік тілге деген жанашырлықты нығайту мақсатында өтіп жатқан шаралар бүгінде оң нәтижесін беруде.
Аталған акция аясында Әйтей округінде жүргізген рейд барысында 9 нысан зерделеніп, 4 кемшілік анықталды. Оларға кемшіліктер мен қателіктерін түзету туралы ескертпе хат ұсынып, заң талабына орай түсіндірме жұмыс атқарылды. Нақтырақ айтсақ, Әйтей ауылындағы Достық көшесіндегі «Достык» дүкенінің қазақша атауында граматикалық қате табылып, оны 10 күннің ішінде дұрыстау тапсырылды. 5 күн ішінде дүкен маңдайшасына «Достық» нұсқасы ілінді. Дәл осындай іс-шара Жаңашамалған округінде де көрініс берді. Ескерту алған «Нұрәділ», «Көксу» және «Әли» дүкендері өз атауларындағы граматикалық қателерді жөндеді.
Тіл – қай халықтың болмасын бетке ұстар айнасы, биік тұғыры болғандықтан осы акцияның тигізер көмегі көп. Қазақ тілінің дұрыс жазылуын қадағалауды бүгін бастасақ, ертеңімізге де қорықпай, ауданымыздың қатесіз жарнамаларын көріп, мемлекетімізге үлес қосқанымызды бір мақтанышпен айтамыз.