Жамбыл ауылдық округіне қарасты Батан ауылының тұрғыны, көп балалы әке Ерлан Алдабергенов бүгінде ауданымыз үшін таңсық, тропикалық жеміс болып саналатын лимонды өсіріп, жерсіндіріп отыр. Жылыжайдағы лимон көшеттерін ол сонау Өзбекстан елінің Ташкент қаласынан алып келген. Ерлан Алдабергенов жылыжай ісімен осыдан бес жыл бұрын айналыса бастаған. Алғашқы кездері қызанақ пен қияр өсірген. Оны жергілікті жерлердегі дүкендерге, сауда орталықтары мен адамдарға сатқан. Кейіннен оның ойына лимон өсіру келіп, биыл осы бағытта алғашқы қадамдарын жасай бастады. Анығырақ айтқанда, ағымдағы жылы мемлекет тарапынан бөлінетін қайтарымсыз грантқа өтініш беріп, 400 АЕК көлемінде қаражат жеңіп алады. Оған лимон көшеттерін, жылытатын құрылғы, тыңайтқыштар мен тағы да басқа қажетті құрал-жабдықтарды сатып алып, күз айында жұмысқа кірісіп кеткен. Алайда отырғызған 73 түп лимонның алғашқы жемісін тек 3 жылдан кейін ғана жинап алуды жоспарлап отырған кәсіпкер оның шығынын жабу жолын да тапқан. Жылыжайдың қасына қосалқы нысан салып, 600 түп қияр отырғызған. – Әзірге 73 түп отырғыздым. Ташкенттен әкелінген лимон қазір өнім бермейді, бірақ 3 жылдан кейін бір түбі 40-50 келі өнім береді. Қазір лимонның бір келісі 1000 теңге тұрады. Демек, әр түп миллиондап табыс әкеледі, – дейді Ерлан. Алдағы жылы кәсіпкер жылыжай аумағын ұлғайтып, лимонмен қатар апельсин және помело жемісін өсіруді жоспарлап отыр.
Қайтарымсыз грант: жылыжайда лимон өсіреді (Видео)
