Іргелі ауылдық округінде 2010 жылы іргетасын қалаған «Айдони» ЖШС бүгінде ауданымыздағы ірі кәсіпорындарының бірі. Ол еліміздегі ірі сауда орындары мен дүкендерді 35 түрлі өнімдермен қамтамасыз етуде. 2010 жылдары құрылысы басталған кәсіпорынның тарихы одан әріден басталады. Мекеменің директоры Какен Тоқтаровтың айтуынша, ол кәсіпкерлікке деген алғашқы жолын күріш, ұн, қант секілді өнімдерді Алтын Орда базарында сатумен бастаған. Сөйтіп, уақытын саудагерлер арасында өткізіп жүріп, тәжірибе мен қаражат жинақтап, жеке ісін бастауы ұйғарған. Бастамасын іске асыру үшін 2010 Іргелі ауылынан жер сатып алып, арнайы цехтар тұрғызған. Толықтай өндіріс орны 2013 жылы іске қосылған. Қазіргі уақытта мұнда ұн, қант, әртүрлі жармалар, күріш, қарақұмық, тары секілді 35 өнімнің түрлері дайындалып, Қазақстанның барлық аймақтарындағы сауда орындарына таратылуда. Ал кейінгі кездері тұтынушылар қатарына ресейлік компанияларда қосылған. Өндіріске қажетті шикізат еліміздің әр өңірінен, сапасы тексерістен өткен кәсіпорындардан әкелінеді. Алғашында 5-10 адаммен жұмысы басталған «Айдони» ЖШС-де бүгінде қызметкерлер саны – 35-ке жуық. Оның көбі жергілікті тұрғындар. Какен Қалымұлының ендігі мақсаты кәсіпорынды кеңейтіп, өнімдерін тек Қазақстанның аумағында ғана емес сондай-ақ Ресей нарығына да шығаруды көздеп отыр.
«Айдони» – келешегі өрісті өндіріс орны (Видео)
